МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жетісай ауданы тұрғындарының түрлi тақырыптағы арыз-шағымдарына партия атынан қандай да бiр көмек көрсету, мәселелерiнiң шешiлуiне мүмкiндiгiнше ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Қырықбаев Темір Базарбайұлы мен Байтілесов Нұрсұлтан Төленұлы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында зиялы қауым өкілдері мен ардагерлермен кездесіп, тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ербол Ералиев, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, өзге де депутаттар мен бөлім басшылары, қала мен ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауға келушілер мәжілісмендерге апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлердің орнына жаңа үй салу және мектептердің күрделі жөндеуі, медициналық пункттер мен мектептер салу, газдандыру және балалар ойын алаңшаларын салу, интернет сапасын жақсарту және материалдық көмек көрсету секілді мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңестер алды. Мәселелері бойынша жазбаша өтініштерін өткізді.
Сондай-ақ, Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы аудандағы мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі білімнің сапасы, директорлар мен ұстаздардың біліктілігі, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен оны арттырудың негізгі тетіктері бойынша кеңінен әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлерді талқылады. Сұрақтарға жауап беріліп, өтініштер жазып алынды.
Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы аудандық «Жетісай» орталық ауруханасында болды.
Өткен жылы конкурстық құны 1 378 969 393 теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимарат алдынан заман талабына сай қабылдау бөлімі ашылып, магнитті резонанстық томография медициналық құрал-жабдығын орнату үшін қосымша ғимраттар бой көтерген. Сонымен қатар, ауруханаға қосымша ангиограф медициналық құрал-жабдығы орнатылып, алдағы уақытта күрделі оталарды іске асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, мәжілісмендер жергілікті денсаулық сақтау өкілдерімен тікелей диалог жасау арқылы өңірлік проблемаларды тереңірек білу, аудандағы медицина мекемелерін қаржыландырудың өзекті мәселелерін талқылау, халықтың денсаулығын қорғауда ақ желеңділерді толғандырып жүрген күрмеуі қиын мәселелермен танысу, сайлаушыларды Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен таныстыру мақсатында аудандық аурухана қызметкерлерімен жүздесті.
Еркін форматта өткен жүздесуде медицина саласының қызметкерлері жұмыс тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар мәселелерді заңнамалық деңгейге шығаруды, тариф белгілеу әдістемесі мен сақтандырылушының мәртебесін қайта қарауды, ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын төмендетуді, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қолға алуды сұрады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*