ОҚО-да көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

Оңтүстік өңірінде су тасқыны болады деп алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын» дегені бар емес пе? Нақ осы сөздің үдесінен шыққан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішін әуден бақылап, Сырдария, Арыс өзендерінің аңғарын шолып шыққан болатын.
Ондағы мақсат – қауіп-қатердің алдын алып, дайындық шараларын пысықтап алу еді. Отырар ауданында көшпелі жиынға Түркістан, Арыс, Шардара əкімдері мен облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысып, су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы ойларын ортаға салды. Жиында облыс басшысы жауапты тұлғаларға тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктей келе, ұсынылған жобаларды кеңінен талқылады. Яғни, аймақ жетекшісінің пікірінше, жасанды су қоймаларды жасау үшін аэроғарыштық түсірілім әдістері арқылы зерделеп, бұл жұмысқа ғалымдарды да тарту керектігі айтылды.
Бүгінде тасқын судың алдын алу үшін Шардара, Отырар, Арыс аудандары мен Түркістан қаласы аумағында 4300 метр уақытша қорғаныс дамбалары тұрғызылып, 44500 дана құм толтырылған қаптар қойылған. — Жалпы, жергілікті атқарушы органдарымен Сырдария өзенінің арнасына Өзбекстан Республикасынан секундына жалпы көлемі 1500-ден 2000 м3/сек дейін су көлемі артатын болса, алдын ала іс-шаралар қарастырып отырмыз. Яғни, қауіптің алдын алу үшін 467 адам, 60 арнайы техника және 10 жүзу құралдары сақадай сай тұр. Алдын ала дайындық жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі елдімекендерді қызылсудың қатерінен қорғап отырмыз-деді, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауа-райын күнделікті бақылап, тасқынның алдын алуға жұдырықтай жұмыла дайын отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*