ОҚО: Арыста 600 га жер жаңбырлатып суғару әдісімен суғарылуда

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласына тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиясын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Бұл  әдіс арқылы шаруалар  ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін де арттыруда.

Осындай жаңа технологияны ендіріп, 600 гектар жерді жаңбырлатып суғару әдісімен суғарып отырған «Жаңа Ақдала» Агрофирмасы» ЖШС-нің егістік алқабымен Арыс қаласына жасаған пресс-тур барысында журналистер танысты.

Ақдала ауылдық округінде орналасқан серіктестік биыл өзіне қарасты егістік жерлерді игеру үшін Германияның BOUER компаниясынан шыққан жаңбырлатып суғару әдісін қолданып отыр.   Оның әрқайсысы бір орында 60 гектар жерді суғаруға мүмкіндігі бар.  Шаруашылық құны 67 мың еуро тұратын құрылғының 7 данасын алып, іске қосқан. Мұндағы мамандар жаңбырлатып суару әдісінің тиімділігі көп дейді.  Біріншіден  үлкен жерлерді суғаруға тиімді, екіншіден  су үнемделіп, жұмыс күші көп қажет етілмейді. Үшіншіден бір мезгілде суғарылып, тегіс мол өнім алуға мүмкіндік туады екен.

Аталған шаруа қожалық мұнан бөлек, биыл 400 гектар жерге қызанақ егіп, одан шыққан өнімді қуаттылығы 600 тонна болатын зауытта өңдеуді жоспарлап отыр. Мәселен, өткен жылы 300 гектар жерге егілген қызанақтан 1 мың тонна томат пастасы шығарылса, 120 гектар жерге отырғызылған алма бақтан да мол өнім алып, алма езбесін шығарған. Ал, осы жылы 3-4 мың тонна томат пастасы мен 200 тонна алма езбесін өндіру жоспарлануда. Оңтүстіктен шыққан томат пастасы мен алма тосабына бүгінде алыс-жақын шет елдерден сұраныстар көптеп түсуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*