Түркістанда құрылыс нысандары мен өндіріс ошақтарының жұмыстары сараланды

Түркістанда биыл тағы да 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Таяуда 500-ге тарта отбасына қуаныш сыйлайтын «Отырар» мөлтек ауданындағы жаңа үйлердің құрылыс барысымен танысқан қала басшысы жауапты тұлғаларға сапаға мән беруді тапсырып, тұрғын үй нысандарының инфрақұрылымын барынша пысықтап жүргізуді еске салды. Соның ішінде су құбырлары, сарқынды су және жылу жүйелерінің магистралды құбырларын келешекте салынатын 100 үйдің қажеттілігіне қарай жоспарлауды ұсынды. Бұл жұмыстармен бірге, күрделілігі артып келе жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізін кесіп өтетін күре жол қажет. Жоспар бойынша аталған жол биыл салынбақ. Қала басшысы бұл мәселені де әлі де жетілдіру қажет екендігін атап өтті. Тұрғын үйлер мен күре жолдың арақашықтығы алшақ болуы тиіс. Осыған байланысты жоспарланған жобаны алдағы аптада қайта қарап, нақты шешім қабылдануы қажет екендігін жеткізді.Осылайша өрбіген, қала әкімінің сапары «Сауран» мөлтек ауданындағы Н.Төреқұлов жалпы орта мектебінің жаңадан салынып жатқан мектеп ғимаратында жалғасты. Жаңа нысанның құрылыс сапасымен танысқан қала әкімі Ә.Өсербаев саннан бұрын сапаға мән беру қажеттігін ескерте келіп, ғимаратты ауыз су, сарқынды су және орталық жылу жүйелеріне қосуды тапсырды.Сонымен бірге, қаланың батыс бөлігіндегі индустриалды аймақта болған шаһар басшысы осы салаға жауапты тұлғаларға алдағы уақытта немқұрайдылыққа жол берілмейтіндігін қатаң ескертті. Атап айтсақ, индустриалды аймақта орналасқан өнеркәсіп орындарының кейбірі жоспарлаған мерзімінен кешігіп келе жатқандығы сөз болды. Бұл мәселе өз кезегінде қаладағы өндіріс ошақтарының қуатын арттыруға оң ықпалы тимейтіндігі анық. Сондықтан олардың белсенділіктері мен өндірістік қуатына және шығаратын өнімінің ерекшелігіне баса мән беріп, аталған аймақтағы пайдаланатын жер көлемін өнеркәсіп орындарының мүмкіндіктеріне қарай бөлуді ұсынды. Егер алдағы уақытта осындай кемшіліктер орын алатын болса, онда жауапты тұлғалардың мәселелері қатаң қаралмақ.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*