ОҚО-дағы «Рейтинг» газеті тұңғыш «Үркер» Ұлттық сыйлығын жеңіп алды

Апта басында Астанадан сүйінші хабар келді. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш «Үркер» Ұлттық сыйлығын жариялаған болатын.  28 маусымда елордамыз Астанада талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсетуді басты мақсат еткен «Үркер» сыйлығы 15 аталым бойынша табыс етілді. Он бес аталымның әрбір жеңімпазына бір миллион теңгеден сыйақы берілгенін айта кеткен жөн.Конкурсқа қатысушылар үшін бәсеке өте жоғары болған. Олай дейтініміз, жеңімпаздар анықталар алдында байқауды ұйымдастырушылар 700-ден аса өтінім қабылданғанын, кей жерде бір дауыстың өзі шешуші рөл атқарғандығын мәлімдеген болатын. Ал байқаудың қазылар алқасы осы саланың майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралды. Нақтырақ айта кетелік, үміткерлер ұсынған материалдарды мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, беделді журналист Намазалы Омашев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Өңірлік БАҚ альянсының жетекшісі  Әлібек Әлденей, саясаттанушы Расул Жұмалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы «farmers.kz»  порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек саралады.

Байқауға қатысқан жүздеген басылым арасында «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясына «Рейтинг» газеті талапқа сай бағытын білдірер, шығармашылық  деңгейін танытар еңбектерін жолдапты. Байқауға өтінім білдірген 700-ден астам үміткерлердің арасынан іріктеліп алынған 75 –тің қатарынан табылып, әр номинация бойынша жүйрік шыққан алғашқы бестіктің тізімі белгілі болғанда бір қуандық  Ақмола облыстық  «Арқа ажары»,  Оңтүстік Қазақстан облысынан  «Рейтинг»,  100 жылдығын тойлағалы отырған Шығыс-Қазақстан облысының  «Семей таңы»,  Қарағанды облысының  «Индустриальная Караганда»,  Атырау облысының  «Ақ жайық» газеттері «Үркерден» бірден-бір үміткер ретінде аталды, алғашқыда. Баспасөзде бәсекелестік дамыған бүгінгі таңда алдыңғы қатардан көрінудің өзін бір мәртебе санап, газетіміздің кезекті нөмірін баспаға дайындап жатқанымызда Астанадан сүйінші хабар келіп жетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*