Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтарды, ерте жүктілікті және аутодеструктивті оқиғалардың, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты тақырыпта 8-9-10-11 сынып оқушыларының қатысумен Жетісай қаласында орналасқан №1 М.Горький атындағы мектеп – гимназиясында кездесу өтті.Кездесуге түрлі сала бойынша келген мамандар семинар өтіп, бос уақытты тиімді пайдалану үшін жайдарман, дебат ойындарына жастарды тарту бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шарада Жетісай қаласы емханасының акушер-гинеколог дәрігері қыздарға ерте жүктіліктің зардабы туралы түсіндіріп өтті. Ал, аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері және әлеуметтік сүйемелдеу орталығының, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологтары қыздарды әдемілік пен әдептілікке, жат қылықтан аулақ болып, үлгілі ару болуға, ата-ананың үмітін ақтауға шақырды.
«Бала – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Сондықтан да, олардың тәрбиесіне басты назар аударуымыз керек. «Болар бала — бесіктен» деп, ата — бабаларымыз айтқандай, тәрбиені жас күннен бастап, тиянақты түрде жүргізу қажет. Ата-ана жас бүлдіршіндердің көңіл-күйі мен мінез-құлықтарына, психологиясына да жиі назар аударып отырулары тиіс. Сонда ғана дені сау, салауатты ұрпақ өсіре аламыз. Үйде, балабақшада және мектепте жақсы тәрбие алған бала түрлі құқық бұзушылықтарға да жол бермейді» — дейді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мұхтар Бейсенбаев.
Кездесу барысында оқушыларға бой сергіту жаттығулары жасалып, іс-шара бір сарында емес, жастармен өзара пікір алмасу форматында өрбіді. Алдағы уақытта кездесулер аудан көлемінде өз жалғасын таппақ.
Пікір қалдыру