Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын қызу қолдап, экологиялық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге, жастарды Отаншылдық рухында тәрбиелеп, ел мен жерге деген жанашырлық сезімін оятуға бағытталған бағдарлама Шымкент қаласында нәтижелі жүзеге асып жатыр.
Мұның тағы бір дәлелі ретінде Әл-Фараби ауданы Сәуле шағын ауданында өткен экологиялық іс-шараны айта аламыз. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тазалық шарасына қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.
– Халқымыз «Тазалық – саулық кепілі» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Шымкент жасыл желекті, гүлге оранған қала ғой. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер біз Шымкентті жасыл қала деген атына лайық етіп, үнемі таза ұстай білсек, бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген белсенді жас Қайыржан Бөгенбай қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.
Қала тазалығын жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз қажет. Себебі, тазалық — адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – дейтін қала тұрғындары алдағы уақытта жалғасатын сенбіліктерден қалмайтынын айтты.
Пікір қалдыру