Түркістанда «Ұлттық тәрбие – құндылық негізі» тақырыбында кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңес барысында қаладағы білім беру мекемелерінде жастар мен жасөспірімдер арасында орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау шаралары талқыланды.
Кеңесте қала прокуроры, қалалық полиция басқармасының өкілдері, қалалық емхананың бас дәрігері, білім ордаларының директорлары және ата-аналар комитетінің мүшелері сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Баяндамашылар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, ерте жүктілік пен өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің алдын алу мәселелеріне тоқталып, болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің маңыздылығын атап өтті.
Келесі кеңес отырысында осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелері қаралып, жаңа жобалар талқыланбақ.
Қазір қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе – ұрпақ яки бала тәрбиесі. Бұған ел ертеңін ойлаған әрбір азамат бейжай қарамайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуды жүйелі ескертіп-ақ жүр. Мұны Ұлттық құрылтай мінберінен де айтты. Бір сөзінде: «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс», деген-ді.
Пікір қалдыру