
Созақ ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянды жәндіктерден қорғау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырылатын шегірткеге қарсы күрес жұмыстары биыл да өз уақытында басталды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар – өнімділік пен егін қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.
Ағымдағы жылы алғашқылардың бірі болып Жартытөбе ауылдық округінің «Таскөмірсай» аумағындағы 150 гектар және Құмкент ауылдық округінің Сарысу ауданымен шекаралас 100 гектар жеріне химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, 850 гектар аумақты қамтитын залалсыздандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл жұмысқа қажетті 8 арнайы техника мен мамандар толық жұмылдырылды.
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары жүріп жатқан аумақтарға арнайы барып, атқарылып жатқан шаралардың барысымен танысты. Өңір басшысы залалсыздандыру жұмыстарының тиімді әрі қауіпсіз жүргізілуін назарға алып, жауапты мамандарға белгіленген мерзімде жұмыстарды сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарда тығыз бақылау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, өткен жылы осы аумақтарда саяқ шегіртке түрі анықталып, 930 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген болатын. Ал биыл алғаш рет Сарысу ауданымен шекаралас бөліктен итальяндық шегіртке түрі табылып отыр. Бұл түр – өте қауіпті, жоғары бейімделгіштік қабілетімен ерекшеленеді. Ол жаппай таралған жағдайда егін мен шөп алқаптарын түгел жойып жібере алады. Қазіргі таңда Зиянкестерге қарсы күрес және болжам орталығы мамандары шегіртке дернәсілдері табылған аумақтарды тұрақты бақылауда ұстап, уақтылы өңдеу шараларын қолға алып жатыр.
Шегірткелер – ауыл шаруашылығы саласындағы аса қауіпті зиянкестердің бірі. Олар өте жылдам көбейіп, аз ғана уақытта үлкен алқапты жалмап кетеді. Бір ғана аналық шегіртке 150-ден астам жұмыртқа салады. Әсіресе жаздың ыстық және құрғақ кезеңдерінде олардың белсенділігі күрт артып, астық, көкөніс, мал азығына арналған шөптер мен жасыл желекке елеулі шығын келтіреді. Шегіртке шабуылы егіннен айырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы көлеміне де теріс әсерін тигізеді. Сол себепті күресті алдын ала жоспарлап, жедел әрекет ету – маңызды міндет.
Созақ ауданында зиянкестерге қарсы жұмыстар тек залал анықталған кезде ғана емес, алдын алу негізінде де жүргізіледі. Қазіргі таңда биолог мамандар мен агрономдар далалық алқаптарды кезең-кезеңмен тексеріп, жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Химиялық өңдеу жұмыстарында қоршаған ортаға зияны төмен препараттар қолданылып, адам мен мал денсаулығына қауіп төндірмеу қатаң қадағаланады.
Жалпы, аудан әкімдігі шегіртке және өзге де ауыл шаруашылығына қауіпті зиянкестерге қарсы күресті тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бұл жұмыстар тек ағымдағы маусыммен шектелмей, алдағы жылдарға жоспарланған профилактикалық шаралармен де ұштасады.
Шегірткемен күрес – бұл тек ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осы бағыттағы жұмыстар уақытылы әрі сапалы жүргізілсе, егін мен жердің берекесі артып, ауыл тұрмысы да өркендей түспек.
Пікір қалдыру