
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығын іске асыру аясында 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев халықпен бірқатар кездесулер өткізді. Аудан басшысының жұмыс сапары Достық ауылдық округінен басталып, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Алатау батыр ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесулердің басты мақсаты – жергілікті тұрғындармен ашық пікір алмасып, өзекті мәселелерді бірге талқылау. Әр округте ауыл әкімдері соңғы үш айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындарды жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, нақты сұрақтарға жауап берілді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ішінде суармалы жерлерге қатысты сұрақтар ерекше орын алды. Бұл – Шардара ауданы үшін өте маңызды мәселе. Себебі аудан халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен, нақтырақ айтсақ, диқаншылықпен айналысады.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев кездесулер барысында:
«Жер – басты байлығымыз. Егістікке су жетпесе, халықтың күнкөрісі қиындайды. Сондықтан каналдарды тазарту, қашыртқыларды жөндеу, су арналарын қалпына келтіру жұмыстары – басым бағыттарымыздың бірі», – деп атап өтті.
Бұл бағытта Шардара ауданында нақты жұмыстар қолға алынған. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы теңгеріміндегі 2-Р2 және Р-1-3 каналдарында механикалық тазалау жұмыстары басталды. Көксу ауылдық округінің аумағында орналасқан, ұзындығы 7 шақырым болатын 2-Р2 каналы алғаш рет 1972 жылы іске қосылған. Бүгінде бұл канал 3400 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етіп отыр.
Жақында Р-1-3 каналында да тазарту жұмыстары жүргізіліп, 300 метрлік арнадан 100 м³ лай шөгінді сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, 2Р-1, 2Р-2, Р-1 және 3Р-1 каналдарының бойындағы дамбалар, өткелдер мен темір тоспалар да жөндеуден өткізілуде.
Ауылдық округтерде ауыз су мәселесі де назардан тыс қалмады. Арман Қарсыбаев ауыз су торабына жөндеу жүргізу, ауылішілік су желілерін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асатынын жеткізді. Бұл тұрғындардың өмір сапасын арттыратын маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Су жүйелерін тек қалпына келтіру емес, сонымен қатар тамшылатып суару, суды тиімді пайдалану секілді озық технологияларды енгізу де күн тәртібінде тұр.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев арнайы іссапармен келіп, каналдардың, арықтардың техникалық жағдайымен танысты. Ол мекеме мамандарына нақты тапсырмалар беріп, әр жұмыс учаскесін бақылауда ұстауды тапсырды.
Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі ашықтық, сенім және нақты әрекетке негізделген. Суармалы жерлерге су жеткізу, каналдарды тазалау мен жөндеу, су торабының жұмысын оңтайландыру – ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі тірек. Тұрғындардың ұсыныстары мен сұраныстары ескеріліп, барлық көтерілген мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдануда.
Пікір қалдыру