2025 ЖЫЛЫ ТҮРКІСТАНДА 3000-НАН АСТАМ БАСПАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан қаласы тұрғын үй құрылысы саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. 2025 жылы қалада 944 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілу жоспарланған. Жыл басынан бері 348 пәтерлі 4 үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қоныс иелеріне табысталды. Бұдан бөлек, «Отбасы банк» арқылы 2025 жылы жалпы 2 082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік туғызуда.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 17 058 азамат тіркелген. Оның ішінде 6 487-сі әлсіз топ мүшелері, 5 185-і көпбалалы отбасылар, 181-і тұл жетімдер, 5 203 отбасы бюджет есебінен баспаналы болуға кезекте тұрса, 2 үй апатты жағдайда деп танылуына байланысты жаңа үй алу кезегіне тіркелген. Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендіру туралы қағидаларына да бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бірнеше санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын баспаналарды өз меншігіне өтеусіз алуға мүмкіндік алып отыр.

Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы да айтарлықтай оң өзгерістерге ұшырауда. 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 452,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға артты. Қалаға тартылған инвестиция көлемі 400,2 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер қаланың экономикалық тұрақтылығын және даму әлеуетін айқындайды.

Құрылыс саласында да оң динамика байқалуда. 2024 жылы қалада 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3 076 пәтері сатылды. 2025 жылға 2 127 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үй пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

Қалада туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Құны 145 миллиард теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жоба іске асырылуда. «Визит орталығы» ғимаратынан туристерге ақпарат беру орталығы ашылып, онда үш тілді жетік меңгерген мамандар қызмет көрсетеді. Әуежай және темір жол вокзалынан ақпарат беру орталықтарын ашу жұмыстары жүргізілуде.

Қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынған. 2024 жылы өңірдегі жұмыспен қамтылмағандар деңгейі 4,9 пайызға төмендеді. Кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағытында 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді. «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алып, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

Қорытындылай келе, Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала және экономика салаларында оң өзгерістер байқалуда. Бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*