«ОРДАБАСЫ» КЛУБЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ШЕБЕРЛІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ

2025 жылғы 27 мамырда Шымкент қаласында «UNI Football League» инклюзивті футбол жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған шеберлік сабағы өтті. Шараны Қазақстан чемпионы «Ордабасы» футбол клубының ойыншылары өткізді.

Дәл бір жыл бұрын Шымкентте аутизм, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған футбол секциясы ашылған болатын. Бұл жоба республикалық деңгейдегі «UNI Football League» бастамасының бір бөлігі. Қазір мұнда 10-17 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар 10 жасөспірім жаттығады.

«UNI Football League» – аутизм, Даун синдромы және ДЦП диагнозы бар балаларға арналған инклюзивті футбол жобасы. Ол арнайы оқу регламентіне сүйеніп, балалардың физикалық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған. Жоба 2023 жылдың қарашасында Астанадағы қайырымдылық балының қаражатына іске қосылған. Бүгінде жобаға еліміздің 9 қаласынан (Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Петропавл, Өскемен, Тараз, Семей) 111 бала қатысуда.

Жобаның ұйымдастырушылары — «Болашақ» корпоративтік қоры мен Қазақстан футбол федерациясы. Бас демеушісі – «Freedom Holding Corp.» және оның қайырымдылық қоры «Freedom Шапағат». Жобаның мақсаты – ерекше балаларды спорт арқылы әлеуметтендіру, жаңа достар табуға көмектесу, олардың қоғамға араласуына жағдай жасау.

Секцияда UEFA B, C, D санатындағы, инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстардан өткен жаттықтырушылар жұмыс істейді. Шымкенттегі секцияның жаттықтырушысы – Ерсултан Давлетьяров, ол бейімделген дене шынықтыру бойынша маманданған.

Шеберлік сабағына «Ордабасы» клубының кәсіби ойыншылары – Лука Имнадзе (Грузия), Сагадат Тұрсынбай (ҚР құрамасы), Виктор Мудрак (Молдова), Айдос Кемаладин (қақпашы) қатысты. Сонымен қатар шараға «Болашақ» қорының өкілдері мен «Freedom Bank» қызметкерлері, ата-аналар мен балалар келді.

«Бұл жоба – еліміздегі инклюзивті спорттың дамуына үлкен серпін береді. Ерекше балаларға футбол арқылы әлеуетін ашуға мүмкіндік береді», – деді «Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Freedom Bank Kazakhstan» директоры Рысбек Рахметов: «Футбол – халықтық спорт. Біз бұл жобаның балалардың қоғамға бейімделуіне және спортты сүюіне ықпал ететініне сенеміз», – деп атап өтті.

Даун синдромы бар 12 жастағы Даниал Смаилдың анасы Динара Төлегенова: «Ұлым футболды өте жақсы көреді. Бір жылда доп тебуді, командада ойнауды үйренді. Әрбір жетістігі – біз үшін үлкен қуаныш. Жаттықтырушымыз әр балаға жеке тәсіл таба алады», – деп алғысын білдірді.

«UNI Football League» – ерекше балалардың өмірін өзгертіп, оларды қоғамның белсенді мүшесіне айналдыруға бағытталған маңызды бастама.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*