
Түркістан облысы – бүгінде тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар инвестициялық және өндірістік мүмкіндіктері мол аймақ ретінде дамып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі ретінде Түркістанға Қытай Халық Республикасынан келген ресми делегацияның сапарын атауға болады. Екі күнге созылған сапар барысында шетелдік қонақтар Түркістан облысының өндірістік әлеуетімен, индустриалды аймақтарымен және инвестициялық жобалармен танысты.
Қытайлық делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ресми түрде қарсы алып, екіжақты іскерлік кездесу өткізді. Басқосу барысында облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын, инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.
– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өткен жылы Хубэй провинциясына сапарым кезінде басталған диалог бүгін нақты қадамдарға ұласуда. Облыстың индустриалды әлеуеті, логистикалық мүмкіндіктері мен еңбек ресурстары мол. Бұл – бірлескен жобалар үшін берік негіз. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі арқылы Түркістан өңірі әлемдік нарыққа шығатын жаңа мүмкіндіктерге ие болып отыр. Біз логистика, сауда және өңдеу салаларында кешенді жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде тараптар логистикалық парктер мен индустриялық аймақтарды дамыту, бірлескен қойма инфрақұрылымдарын құру, жүк тасымалын ұйымдастыру, авиациялық жүк бағыттарын ашу, өңірдегі тау-кен өнеркәсібі мен энергетика секторын зерттеу сынды маңызды мәселелерді талқылады. Қытайлық кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, ұсыныстарын жеткізді. Инвесторлар тарапынан Түркістанда қойма кешендерін, сауда өкілдіктерін ашуға қызығушылық білдірілді.
Қытай делегациясы сапар барысында Сауран ауданы, Ораңғай ауылындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына барып, ондағы өндіріс мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, Түркістанда құрылысы жүріп жатқан мақта зауытына аялдап, жобаның даму барысын зерделеді. Аталған зауыт іске қосылған соң, өңірдегі мақта кластерінің даму қарқыны артып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құны жоғары тауарларға айналуы жоспарланып отыр.
Бүгінде Түркістан облысында 11 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Мемлекет тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық жеңілдіктер мен әкімшілік кедергілерді азайту бағытында кешенді қолдау шаралары көрсетілуде. 2024 жылы жалпы құны 120 млрд теңгеден асатын 30-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін бермек.
Сапар соңында делегация Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, облыстың туризм саласындағы әлеуетімен де танысты. Өңірде соңғы жылдары инфрақұрылым қарқынды дамып, туристік нысандар жаңғыртылуда. Түркістан халықаралық әуежайының ашылуы, жаңа қонақ үйлердің салынуы, мәдени және діни туризмнің жандануы – осы бағыттағы табысты қадамдардың нәтижесі.
Қытайлық тарап өңірдің даму қарқынына оң баға беріп, алдағы уақытта ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Түркістан облысы осылайша Қазақстан мен Орталық Азияның инвестициялық және логистикалық хабына айналу жолында нақты істерге көшуде.
Пікір қалдыру