
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан қаласы тағы бір заманауи демалыс аймағымен толықты. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жасанды көлі бар жаңа саябақ салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу шарасына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі саябақтың ашылуы – тек қаланың көркеюіне қосылған үлес қана емес, сонымен қатар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, балалардың тынығып, серуендеуіне арналған ерекше орын. Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді көгалдандыру, экологияны жақсарту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуының көрінісі. Қаламызда саябақтар саны 110-ға жетіп отыр. Жаңа демалыс орны Түркістанның «жасыл қала» мәртебесін нығайтып, экологиялық әрі туристік әлеуетін арттыра түседі, – деді өңір басшысы.
Салтанатты шара аясында қалалық саябақта Түркістанның тарихи мәртебесіне және Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кеш барысында Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова сынды танымал өнер жұлдыздары мен жас домбырашылар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі, «Семсер», «Жастар», «Жаңа леп» топтары ұлттық және заманауи әндер арқылы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балалар мен ата-аналар үшін арнайы дайындалған интерактивті аймақтарда цирк өнері, аниматорлар шоуы, армандар шары, спорттық жарыстар мен шеберлік сағаттары өткізілді. Балғындар сурет салып, қыштан бұйым жасап, түрлі ойындарға қатысып, мерекенің шынайы қуанышын сезінді.
Жалпы аумағы 12,77 гектарды құрайтын бұл қалалық саябақ толықтай заманауи талаптарға сай жобаланған. 38 438 шаршы метр жерге көгал төселіп, 8000-ға жуық тал мен жасыл екпе отырғызылған. Саябақтың басты ерекшелігі – 19 500 шаршы метр аумақты алып жатқан жасанды көл. Оның су сыйымдылығы 60 000 текше метрді құрайды. Көл үстінен ұзындығы 92 метр болатын жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынған. Бұдан бөлек, саябақта сарқырама, субұрқақтар, шолу алаңы, балалар ойын алаңшалары, шатырлар, жарық шамдары, 270 орындық пен 240 қоқыс жәшігі орнатылған. Тамақтану орындары мен әкімшілік ғимарат та қарастырылған. Жаңа демалыс орны күніне 600 адамға дейін қабылдай алады.
Бұл – Түркістан қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Соңғы жылдары облыс орталығында тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер көбейіп, заманауи талаптарға сай абаттандырылған аймақтар пайда болуда.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары қарқынмен өсуде. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, туризм және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, облыс экономикасына 850 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – аймақтың инвестициялық тартымдылығының артқанын көрсетеді. Құрылыс саласында 800 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де едәуір өскен. Түркістан облысы бүгінде республикадағы ең ірі ауыл шаруашылық аймақтарының бірі болып табылады.
Туризм саласы да айрықша дамып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші туристердің саны жыл сайын артып отыр. Қалада ашылған жаңа саябақтар, қонақүйлер мен демалыс аймақтары өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыруда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу, жастарды қолдау – өңір әкімдігінің басты бағыттарының бірі.
Жаңа саябақтың ашылуы – Түркістан қаласының көркейіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – ел дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде сәтті жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
Пікір қалдыру