ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында облыс басшысы әрбір мәселені жауапты сала жетекшілерімен бірге мұқият зерделеп, оларды шешудің нақты жолдарын қарастырды.

Қабылдауға Түркістан қаласынан және Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарынан келген азаматтар түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелерді көтерді. Мәселен, бір түркістандық тұрғын мемлекеттен алған баспанасын ауыстыруды сұраса, тағы бірі үй ауласындағы ойын алаңшасының тыныштықты бұзып жатқанына шағымданды. Бұл мәселеге қатысты тұрғын алаңшаның көршілердің ортақ келісімімен салынғаны түсіндіріліп, құқық қорғау органдары тарапынан бақылау күшейтілетіні айтылды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы «Отырар» шағынауданының тұрғындары көше жарығының жоқтығын, көгалдандыру жұмыстарының бәсеңдігін және тұрғын үйлерді басқарушы компанияның тиімсіз жұмысын сынға алды. Бұл ретте әкім тұрғындарға басқарушы компанияны өз еркімен таңдауға немесе сервистік қызмет құру мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Ал Төлеби ауданынан келген азамат Ленгір қаласындағы қоғамдық көлік тасымалын субсидиялау туралы ұсыныс білдірсе, өзге тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық, денсаулық сақтау, мәдениет және сот шешімдеріне қатысты түрлі мәселелерін ортаға салды.

Облыс әкімі әрбір өтінішке мұқият назар аударып, заң аясында нақты шешім қабылданатынын айтты. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеді.

– Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Бұл мақсатта азаматтардың талап-тілегі мен ұсынысы ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, облыс әкімінің және орынбасарлардың жеке қабылдауына жазылу egov.kz электронды үкімет порталы, e-otinish бірыңғай базасы және Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жүзеге асады. Бұл – халық пен билік арасындағы ашық әрі тиімді байланыстың нақты көрінісі.

Түркістан облысында халықпен ашық диалог жүргізу мен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Аймақта білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және инфрақұрылым салаларында ауқымды жобалар іске асуда.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы облысқа 850 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, экономиканың барлық секторларында оң өсім тіркелді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Ауылдық жерлерде жаңа мектептер мен медициналық пункттер салынып, газ, су, жол мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде.

Халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін инфрақұрылым мен әлеуметтік қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар – әкімдіктің халық мүддесіне негізделген қызметінің айғағы. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының өңірлік деңгейде нақты жүзеге асып жатқанының көрінісі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*