
Түркістан облысы – соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатқан өңірлердің бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфрақұрылым және туризм салаларындағы оң өзгерістер аймақтың әлеуетін арттыруда. Бұл үрдістің жарқын үлгісін Сауран ауданынан көруге болады.
2025 жылдың басынан бері Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлім етті. Ауыл шаруашылығы өндірісінің артуына биыл іске асырылатын 13 ірі инвестициялық жоба айтарлықтай үлес қосады. Жалпы құны 16,4 млрд теңгеге бағаланған бұл жобалар агросектордағы жаңа серпіннің бастауы болмақ.
Мәселен, Шаға ауылдық округінде келесі жылы іске қосылатын «Eco-Chicken» ЖШС құс фермасы – 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағанда, облыс ғана емес, еліміздің барлық аймақтарына құс етін экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС 700 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін орнатуда. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы саласымен қатар, өңірлік өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, жалпы құны 209,3 млрд теңге болатын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал 2025 жылдың соңына дейін өңірде 30 өндірістік нысан ашылып, медициналық жиһаз, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері шығарыла бастайды. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрап, 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысының маңызды бағытының бірі – туризм саласы. Сауран ауданында орналасқан 54 тарихи нысанның 3-і республикалық маңызға ие. Өткен жылы өңірге 100 мыңға жуық турист келген. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Туризмді одан әрі дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл арқылы 164 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінде минералды су көздерін тиімді пайдалану үшін 20 гектар жер телімі бөлініп, емдік-сауықтыру және демалыс аймағы құрылатын болады. Жоба аясында 14 нысан іске асырылып, қосымша 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту да басты назарда. Бүгінгі таңда Сауранға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су жүйесімен қамтылған. 2024 жылы Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы және Егізқара ауылдарының су жүйелері ретке келтіріліп, тәулік бойы үздіксіз су беріледі. Электр жүйесін жаңарту аясында былтыр 56 трансформатор ауыстырылып, 17 шақырым электр желісі жаңартылды. Биыл тағы 17 трансформатор орнатылып, қосымша 13 шақырым желі жаңартылады.
Табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы газбен қамту көрсеткіші 43,3%-ды құрайды. Жыл соңына дейін қосылатын 1 790 жаңа абонент арқылы бұл көрсеткіш 45,6%-ға жетеді деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының әлеуетін арттыруда Сауран ауданының қосып жатқан үлесі зор. Агросектордағы инновациялық жобалар, өнеркәсіптің дамуы, инфрақұрылымның жақсаруы және туризм саласындағы серпілістер – өңірдің тұрақты әрі жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін нақты көрсеткіштер. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлердегі экономикалық өсімді қолдау саясатының нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Пікір қалдыру