
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін басты құралдардың бірі – тікелей инвестициялар. Осы орайда облыс әкімінің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар маңызды жобалар талқыланып, олардың жүзеге асу барысы мен туындаған мәселелер кеңінен қаралды.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың өңір үшін маңыздылығына ерекше тоқталып, әрбір жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыс орындарын құруға, экономиканы әртараптандыруға бағытталуы қажет екенін атап өтті.
– Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды. Осы мәжілісте өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынған жөн. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Жобаларды уақтылы әрі сапалы атқару керек, – деді өңір басшысы.
Отырыс күн тәртібінде өңірлік маңызы бар бірнеше ірі инвестициялық жобалар таныстырылып, олардың қазіргі жағдайы баяндалды. Сайрам ауданында салынып жатқан ет комбинаты мен бордақылау алаңы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында қолға алынған маңызды бастама. Бұл жоба іске қосылған соң мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашады.
Ал Түркістан қаласында қаптама материалдарын өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, қалада сэндвич-панельдер, шамдардың әртүрлі түрлері, поролон, қасбеттік материалдар және өндірістік полиэтилен қаптамаларын шығаратын зауыт салу жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл өндіріс орындары құрылыс, жеңіл өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы сұранысты жергілікті деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірісті одан әрі дамыту мақсатында Арыс қаласындағы минералды су және алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту мәселесі қаралды. Сондай-ақ, Төлеби ауданында кіші гидроэлектр станцияларын салу жобасы бойынша да мағлұмат берілді. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экологиялық тиімділікті арттыруға үлес қоспақ.
Шардара ауданында жүгері өңдеу зауытын салу, Мақтаарал ауданында мақта тұқымын өндіру және тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығару жобалары қарастырылды. Бұл бастамалар агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу жолында маңызды қадам болмақ.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы талқыланып, өңірдің машина жасау саласындағы әлеуетін арттыру жолдары нақтыланды. Бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығында техникалық жарақтандыруды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы бүгінде республика бойынша инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің қатарына кіріп отыр. Бұл – тиімді географиялық орналасу, дамыған инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдаулардың нәтижесі.
2024 жылдың өзінде облысқа 850 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының жан-жақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік-логистика салалары ірі инвесторлар үшін қызықты бағыттарға айналған.
Облыс әкімдігі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және инвесторларға толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар шетелдік және отандық капиталдың тұрақты түрде тартылуына жол ашып отыр.
Түркістан облысында қолға алынған инвестициялық жобалар – тек экономикалық емес, әлеуметтік әсері де зор бастамалар. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлік өнім көлемі артып, тұрғындардың өмір сапасы жақсармақ. Бұл – Түркістанды дамудың жаңа кезеңіне бастайтын нақты істердің көрінісі.
Пікір қалдыру