ТАЗАЛЫҚ – ТУРИЗМНІҢ КЕПІЛІ: ШАРДАРАДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шардара ауданында бірқатар маңызды іс-шаралар қолға алынуда. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, жаз мезгілінде демалушылар көп жиналатын жағажайлар мен туристік аймақтарда санитарлық тазалық пен қауіпсіздік деңгейіне мониторинг жүргізу мақсатында арнайы мобильді топ жұмысын бастады.

Мобильді топтың құрамында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов жетекшілік ететін жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция қызметкерлері, экология саласының мамандары және белсенді еріктілер бар. Бұл топ су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоршаған ортаны ластамау бойынша тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – демалыс аймақтарында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, Шардараның туристік әлеуетін арттыру. Себебі соңғы жылдары ауданға келетін туристер саны артып келеді. Табиғаты әсем, суы мөлдір Шардара су қоймасы мен жағажай аймақтары демалушыларды көптеп тартуда. Алайда туристік ағынның артуы тек экономикалық пайда ғана емес, экологиялық жауапкершілікті де талап етеді.

Тазалықтың сақталуы – ауданның имиджі мен туристердің сенімін қалыптастыруда маңызды фактор. Демалушыларға ыңғайлы жағдай жасау, санитарлық нормалардың сақталуы мен тұрмыстық қалдықтардың дұрыс жиналуы туристік қызмет сапасын арттырады. Бұл өз кезегінде аудан экономикасына оң әсерін тигізіп, жергілікті кәсіпкерлік пен жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.

Экологиялық тәртіп пен мәдениетті қалыптастыру – бір күндік шара емес. Осы орайда рейдтік шаралар жаз бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар арасында табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы насихатталады. Кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды орындау, қоқысты арнайы орындарға тастау сынды міндеттер жүктеліп, бақылау күшейтілуде.

Шардараның табиғи байлығы мен көркем табиғаты – аймақтың басты артықшылығы. Осы байлықты сақтау – әр азаматтың борышы. Аудан басшылығының бастамасы мен мобильді топтың жұмысы өңірде тек экологиялық тәртіпті емес, сонымен қатар тұрақты туризмді дамытуға негіз болуда. Тазалықты сақтау арқылы Шардара алдағы уақытта еліміздегі үлгілі туристік аймақтардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*