
Шіліңгір шілдеде Түркістан көшелерінде ақ сақалды, шапан жамылған, жүзінен мейірім төгілген қария жүр. Бұл — ешкім емес, АҚШ-тан арнайы келген 74 жастағы Джон Салливан. Жыл сайын желтоқсанда Санта Клаус бейнесінде балаларға қуаныш сыйлайтын Салливан бұл жолы жаздың аптабында, мұхит асып, қазақ шәкірті Ағаби Молдахметтің қуанышына ортақтасу үшін келген. Бұл — нағыз адамдық пен уәденің, ұстаз бен шәкірт арасындағы риясыз байланыстың көрінісі.
Джон Салливан — сан қырлы тұлға. Ол — аниматор, суретші, мүсінші, университет профессоры. Disney студиясымен жұмыс істеген тәжірибелі шебер. Бұдан бөлек, ол жүздеген студентке мәдениетаралық тәлім беріп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оның үйі көптеген студенттер үшін екінші шаңыраққа айналған.
Ағаби АҚШ-қа тіл үйрену бағдарламасымен барған кезінде Джонмен танысқан. «Алғашында тілге қиналдым, сөйлеуге ұяладым. Бірақ Джон аға мені өз қамқорлығына алды. Ол мені ел аралатып, әр сөзімді түзеп, қолдау көрсетті. Уақыт өте келе, біз нағыз досқа айналдық. Мені немересіндей көріп, үйіне жиі шақыратын. Сонда “Оқу бітірсең, сені еліңде көремін” деген болатын. Сөзінде тұрды. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе», — дейді Ағаби.
Түркістанда Джон шынайы қазақы қонақжайлықтың куәсі болды. Шәкіртімен бірге қала көшелерін аралап, шапан киіп, тарихи орындармен танысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне базарлар, дәстүрлі мәдениет орталықтары — бәрі Джонды тәнті етті. «Түркістан — таңғажайып қала. Мұнда тарих пен заманауилық қатар өмір сүреді. Халқы өте жылы. Ыстық ауа райына қарамастан, адамдардың мейірімі жанымды жылытты», — дейді ол.
Бұл — Джон Салливанның алғашқы сапары емес. Бұған дейін де ол Үндістан, Мексика, Жапония, Чили мен Грузия сияқты елдерге барып, бұрынғы шәкірттерімен қауышып, жаңа достар тапқан. Оның “Summer Santa” атты бастамасы — тек ойын емес, өмірге деген сүйіспеншілік пен адамзат арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған. Ол әр елде оқушылармен тіл табысып, жергілікті мәдениетпен танысып, өзі де тағылым алады.
Ағаби — бүгінде өз арманына нық қадам басқан болашақ дәрігер. Түркістанда алған білімін шет елде жалғастыруды көздейді. Ал Джон болса, шәкіртінің жетістігіне қуанып, «егер мүмкіндік болса, бұл қалаға тағы келемін» деп отыр. Ол Қазақстан мен оның халқын жүрегіне жақын тұтатынын жасырмады.
Осы бір ерекше сапар — тек ұстаз бен шәкірт хикаясы ғана емес. Бұл — мәдениеттердің тоғысуы, достықтың шекара танымайтынының дәлелі. Жаздың ыстығында Санта бейнесіндегі ақсақалдың келуі көп адамға шабыт берері сөзсіз.
Пікір қалдыру