«ЖЫЛЫБҰЛАҚ» КАНАЛЫ ‒ СУАРМАЛЫ ЖЕР ӘЛЕУЕТІН КЕҢЕЙТКЕН ЖАҢА МҮМКІНДІК

Өткен жылы Созақ ауданының Құмкент ауылдық округінде көптен бері талқыланып жүрген «Жылыбұлақ» каналы құрылысы сәтті жүзеге асырылып, қазір ол толықтай пайдалануға берілді. Ауылдағы егіс алқаптарын тиімді суармалау мәселесін шешуге бағытталған бұл жоба – ауылшаруашылық саласына оң өзгеріс әкелген маңызды бастама.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылына жұмыс сапары барысында каналдың құрылысы барысын нақты тексеріп, жобаның сапасын бақылауға алды. Каналдың бастау алған учаскесіне барып, 8 шақырымнан астам қашықтыққа жүргізілген канал жолымен танысып, оның іске қосылуының ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, ауыл қариялары, сала мамандары және мердігер мекемелердің өкілдері бұл қуанышты сәттің куәсі болды.

Ауыл қариялары:«Бұл көптен бері көтерілген маңызды мәселе болатын. Жергілікті диқандар үшін үлкен жеңіс, себебі ала жаздай ризық-несібесін жерден терген шаруалар үшін бұл істің маңызы зор» — деп алғыстарын білдірді.

«Жылыбұлақ» каналы іске қосылу нәтижесінде ауылда 750 гектарға жуық суармалы жер игеруге қол жеткізілді. Бұған дейін арық суының жеткіліксіздігіне байланысты жердің жартысына жуығын ғана өңдейтін шаруалар ендігі жерде егіс көлемін айтарлықтай ұлғайта алады.

Жалпы, Құмкент ауылдық округінде шамамен 700 түтін, ал 4 000-ға жуық тұрғын тұрады. Суармалы жердің 750 гектарын тиімді пайдалану арқасында ауылдағы елдің күнкөрісі жақсарып, ауылшаруашылық өнімінің көлемі көпке жол ашады.

Бұл жоба бұрын «ҚазСуШар» мекемесінің қарамағында болған, қазір ауданның балансында. Каналдың жобалық‑сметалық құжаттары ауданда әзірленіп, бюджетке ұсынылғаннан кейін ғана құрылыс басталды. «Ағынның табыны бетондалған соң, 750 гектар егіске және 100 гектар үй іргес жерге су жеткізу мүмкін екендігі болжанып келген болатын», – деді аудан әкімі.

Түркістан облысында жалпы су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар да кеңінен жүргізілуде. 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында облыста 8 ірі су нысаны салынуда. Соның бірі – сыйымдылығы 18,5 млн м³ «Кеңсай‑Қосқорған‑2» су қоймасы, ол жылына қосымша 31 млн м³ су жеткізуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, «Түркістан магистралды каналының» 59 шақырымы бетонмен қапталып, фильтрациялық шығын 43%-дан төмендеп, жыл сайын 60 млн м³ су үнемделетін болды. Каналдарға аустралиялық әдіспен 66 автоматтандырылған жүйе орнатылды.

2023 жылы облыстық бюджеттен 69 шақырым канал батонмен қапталып, 11 500 гектар суармалы жердің қолданылуына мүмкіндік туды. Сонымен бірге, 488 шақырымдай арнаны тазалау, 11 каналды күрделі жөндеу жұмыстарына 8,7 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 7 800 гектар суармалы жерге су жеткізілген. «Тұран Су» мекемесі 689,7 шақырымды құрайтын 187 су нысанында механикалық тазалау жүргізіп, нәтижесінде 48,5 мың гектарға су жеткізіліп, 1 600 гектар мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Облыс әкімі барлық деңгейдегі жетекшілерге:
– су сақтайтын және жеткізетін жобаларды нақты зерттеп, игеру аумағын алдын ала анықтап, елге тиімділігін қамтамасыз ету қажет, – деп тапсырма берді.

Созақ ауданындағы «Жылыбұлақ» каналы – дәл осы сарапталған тәсіл арқылы жүзеге асқан нақты жобалардың бірі. Бұл ауылшаруашылық өнімінің көлемін арттырып қана қоймай, ауданның әлеуметтік‑экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*