
2025 жылдың 1-10 шілде аралығында Шымкент қаласы аумағында Полиция департаменті бастығының арнайы нұсқауына сәйкес «Қару» атауымен жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Бұл акцияның басты мақсаты – қаладағы криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз айналымдағы атыс қарулары мен оқ-дәрілердің таралуына тосқауыл қою.
Профилактикалық шара барысында полиция қызметкерлері тіркелген және тіркелмеген қару иелерін тексеріп, қарудың сақталуы, тасымалдануы мен пайдаланылуы бойынша заң талаптарының орындалуын мұқият бақылауда. Сонымен қатар, үй-жайлар мен автокөліктерге тексеріс жүргізіліп, қарудың заңсыз сақталу фактілері анықталуда.
Іс-шараның алғашқы күндерінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (Қаруды заңсыз сақтау, алып жүру немесе тасымалдау), 484-бабы (Қару айналымы ережелерін бұзу) және 486-бабы (Қаруды сақтау немесе есепке қою ережелерін бұзу) бойынша 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл азаматтар қаруды заңсыз сақтағаны, уақытында тіркеуге қоймағаны немесе оны дұрыс сақтамағаны үшін жауапқа тартылып отыр.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, алып жүру) бойынша 1 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл — қару айналымы мәселесінің қаншалықты өзекті екендігін және қоғам қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қауіптің нақты көрінісі болып табылады.
Мұндай іс-шаралар халық арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ қарудың заңсыз айналымының жолын кесуге мүмкіндік береді. Заңсыз қарудың қолда жүруі — тек құқық бұзушылық емес, сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактор. Сондықтан полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп отыр.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы №339 «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңының талаптарын бұлжытпай орындауларыңыз қажет екендігін еске саламыз. Қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзу — әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Егер сізде заңсыз сақталған қару, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттар болса, оларды өз еркіңізбен полиция бөлімшесіне тапсыруға шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын заң талаптарын қатаң сақтауға, қарудың айналымы бойынша кез келген күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады. Бұл — тек полицияның емес, әрбір азаматтың қауіпсіздікке қосқан үлесі болмақ.
Қаладағы бейбіт өмір мен қоғамдық тәртіп — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осы ретте, тұрғындар тарапынан белсенділік пен құқықтық сауаттылықтың артуы — заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласының Полиция департаменті алдағы уақытта да осындай профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейте бермек.
Пікір қалдыру