ОТБАСЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың негізі – отбасындағы береке мен өзара сыйластық. Осы орайда, отбасы-тұрмыстық қатынастарда орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші аудандық Полиция басқармасына қарасты Жергілікті полиция қызметі бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесінің қызметкерлері аудан тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Кезекті осындай кездесу Еңбекші ауданының тұрғындарымен өтті. Кездесуге басқарманың Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шәріпхан Паизов жетекшілік етті. Іс-шара барысында тұрғындарға отбасылық жанжалдардың құқықтық салдары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері және одан қорғау шаралары туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Полиция майоры Ш.Паизовтың айтуынша, қазіргі таңда ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және оларға көмек көрсету. Бұл бағытта учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция, профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жұмыс жүргізетін мамандар және әлеуметтік қызметкерлер бірлесе жұмыс атқарады.

Кездесу барысында азаматтарға төмендегі маңызды мәселелер түсіндірілді:

  • Отбасындағы кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешудің маңыздылығы;

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай мекемелерге жүгіну керектігі;

  • Қорғау нұсқамасы мен алдын алу есептерінің құқықтық негіздері;

  • Балалардың көзінше жасалатын жанжалдардың психологиялық әсері;

  • Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңнамалық нормалар.

Сонымен қатар, жәбірленушілерге көмек көрсету үшін дағдарыс орталықтарымен, психологтармен және әлеуметтік қызметтермен тығыз байланыс орнатылғаны атап өтілді. Полиция департаменті осы ұйымдармен бірлесе отырып, отбасындағы қиын жағдайлардан шығудың жолдарын ұсынып, нақты көмек көрсетеді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері дер кезінде тіркелмейді, себебі жәбірленушілер қорқады немесе ұялады. Осыған орай, түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру.

Жыл басынан бері Еңбекші аудандық Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесімен бірнеше ондаған азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылып, тұрақты бақылау жүргізілді. Сондай-ақ, құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылданды.

Іс-шара соңында полиция майоры Ш.Паизов тұрғындарды отбасыдағы жанжалдарға бейжай қарамауға, заңды бұзған адамдардың әрекеттеріне дер кезінде шара қолдануға шақырды. Ол, сондай-ақ, «Отбасы – қоғамның іргетасы, ал оның тыныштығы – ел тыныштығы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым полиция қызметкерлерінің басты назарында болады», – деп атап өтті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*