
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел дамуы үшін маңызды болып саналатын бірнеше бағытқа баса назар аударды. Атап айтқанда, цифрландыру, өнеркәсіп өндірісі, азаматтардың әл-ауқаты, ауыл шаруашылығын қолдау, инвестиция тарту және ғылымды дамыту мәселелері терең талданды.
Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласын заманауи талаптарға сай реформалаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ауыл — еліміздің рухани, экономикалық өзегі, ал агросектор – ұлттық экономиканың маңызды тірегі. Осы орайда агроөнеркәсіптік кешеннің дамуында ғылымның орны орасан зор.
Президент ауыл шаруашылығы саласында ғылымды дамытпай, бұл секторда тұрақты әрі ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместігін ашық айтты.
«Агроғылым дамымаса, ауыл шаруашылығы алға жүрмейді» – деді Мемлекет басшысы.
Бұл пікір — саланың нақты жағдайына берілген әділ баға. Қазіргі таңда көптеген елдер ауыл шаруашылығында инновация мен технологиялық жаңашылдықтарды белсенді пайдаланып жатқанда, біз бұл бағытта әлі де қарқын қоса алмай келеміз. Сондықтан аграрлық ғылымды тәжірибемен ұштастыру, ғылыми институттарды нақты өндірістік жобалармен байланыстыру, шаруаларға арналған тәжірибелік-ғылыми оқыту жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті міндеттер.
Жолдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Бұл – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің ғана емес, елдің экологиялық қауіпсіздігі үшін де аса өзекті сала.
Президент Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауды тапсырды. Аталған платформа жасанды интеллект негізінде жұмыс істеп, онда:
-
жерүсті және жерасты сулар туралы ақпараттар,
-
каналдар мен су қоймаларының жағдайы,
-
гидротехникалық құрылыстардың техникалық сипаттамалары жинақталады.
Бұл жүйе су ресурстарын әділ, тиімді және үнемді пайдалану үшін таптырмас құралға айналмақ. Ауыл шаруашылығындағы су тапшылығы мәселесін шешуде деректерге негізделген басқару жүйесі үлкен рөл атқарады.
Президент Жолдауда өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесін де өткір көтерді. Қазіргі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады, бұл – қосымша құннан түсетін пайданы өзге елдерге беріп отырғанымызды көрсетеді.
Ендігі мақсат – өнімді терең өңдеу, ішкі нарықты сапалы дайын өніммен қамтамасыз ету, әрі экспортқа дайын тауар ұсыну. Бұл бағытта:
-
ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту,
-
өңдеу кәсіпорындарына жеңілдікпен қаржы бөлу,
-
логистиканы жетілдіру,
-
экспортты қолдау механизмдерін енгізу секілді жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс.
Мемлекет басшысы инвестиция тартуға қатысты да нақты әрі өзекті пікір білдірді. Қазіргі таңда елімізге тартылып жатқан инвестициялардың едәуір бөлігі шикізат секторына бағытталған. Бұл — уақытша ғана тиімділік беретін жол.
Президент атап өткендей, ендігі басты мақсат – өндіріс, өңдеу, жоғары технология, жасыл энергетика, биотехнология, IT секілді салаларға инвестиция тартуды күшейту. Сондай-ақ, инвестициялық саясатты тәртіпке келтіру, жобаларды таңдауда нақты басымдықтар жүйесін енгізу, бюрократиялық кедергілерді жою – күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Жалпы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің болашақ даму бағытын айқындап қана қоймай, әр саланың түйткілді мәселелеріне нақты шешім ұсынды. Ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнімді өңдеу, инвестиция және цифрландыру – барлығы да бір-бірімен тығыз байланысты және кешенді түрде шешілуі тиіс.
Аталған міндеттерді табысты жүзеге асыру – тек Үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Егер бұл бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілсе, Қазақстан экономикалық тұрғыдан қуатты, технологиялық тұрғыдан дамыған, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткен елге айналары сөзсіз.
Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Пікір қалдыру