ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР: ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ МЕН ОЙ-САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, 2025 жылдың 12 қыркүйегінде Шымкент қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, докторант, «QAZAQTANÝ» журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутованың ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін ғылыми тағылымдама өткізілді.

«Гуманитарлық саладағы жаңа ғылыми-әдістемелік жобалар: білім саласына ықпалы» тақырыбында оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған тағылымдама аясында шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Ғылым мен білім саласын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалар – мемлекеттің идеологиясында ұлттық ой-сананы қалыптастыру» атты ғылыми семинар өтті.

Семинар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттердің жүзеге асуы мен оның ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөліне баса назар аударылды. Президент ұсынған реформалар аясында ғылым мен білім саласындағы мемлекеттік бағдарламалар ұлттық сананы қалыптастыруда маңызды тетік ретінде қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, семинар аясында 2025 жылы ел көлемінде аталып өтетін маңызды мерейтойлар — Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Қарамола ережесінің қабылданғанына 140 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – ғылыми-рухани маңызы зор тарихи белестер ретінде атап өтілді.

Семинарға Өзбекстан Республикасының Джизақ политехникалық университетінің профессор-оқытушылары қатысып, тарих, философия және дінтану саласындағы ғылыми ізденістерімен бөлісті. Аталған кездесуде М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, докторант, «QAZAQTANÝ» журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутова өз баяндамасында тарихи сананы қалыптастырудағы тың деректер мен ғылыми тұжырымдарға тоқталды.

Атап айтқанда, ол 2025 жылы жарық көретін «Почетный казах – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы: «Положение Қарамола» 1885 год (перевод и научный анализ)» атты монографиясында қамтылатын тақырыптармен таныстырып, Қарамола ережесінің 74 бабына негізделген әлеуметтік-саяси, құқықтық және этносаралық татулықты сақтау жөніндегі тарихи маңызға ие құжаттың мазмұнына терең талдау жасалатынын жеткізді.

Сонымен қатар, семинар барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ жанынан шығарылатын «QAZAQTANÝ» журналының гуманитарлық бағыттағы келесі айдарларына – «Қазіргі Қазақстанның этносаяси және этномәдени үдерістері», «Тарих», «Этнология», «Тұлғатану», «Әлеуметтану» – шетелдік және отандық ғалымдарды, магистранттар мен докторанттарды өз ғылыми мақалаларын жариялауға шақырды.

Мұндай ғылыми кездесулер гуманитарлық ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты арттыруға және ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік береді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*