
2025 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бастамасымен “Заң мен тәртіп” жылы жарияланып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға басымдық берілді. Бастаманың басты бағыттарының бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Қоғамдағы тұрақтылықтың негізі – отбасы. Алайда, елімізде жыл сайын мыңдаған тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтар тіркеліп келеді. Бұл мемлекет тарапынан бұл салада жүйелі және кешенді жұмыс жүргізу қажеттігін айқын көрсетіп отыр.
Қазақстан бойынша ахуал: сандар сөйлейді
Соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтер алаңдататын динамиканы көрсетуде:
-
2017–2024 жылдар аралығында отбасылық-тұрмыстық салада 1112 аса ауыр қылмыс тіркелген.
-
Осы кезеңде ауыр қылмыстардың жалпы саны – 2583, яғни жыл сайын орта есеппен 322 ауыр қылмыс жасалған.
-
2024 жылы елімізде 17 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,5%-ға артық.
-
Ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР ІІМ деректері бойынша 9600-ден астам тұрмыстық құқық бұзушылық орын алған.
Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, 2025 жыл ІІМ тарапынан “Профилактика жылы” деп те белгіленді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық реформалар қолға алынуда. ҚР Бас прокуратурасы бастамасымен Құқық қорғау органдары академиясы базасында арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қабылданған шаралардың тиімділігі бағаланды. Елдегі барлық өңірлерде құқық қорғау және әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілуде.
Шымкент – халық тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары қала. Бұл тұрмыстық жанжалдардың жиі орын алуына да әсер ететіні белгілі. Сондықтан қалада алдын алу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр.
2025 жылдың 15–17 шілдесі аралығында Еңбекші аудандық Полиция басқармасының үйлестіруімен “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Аталған шара барысында 300-ден астам тұрғын үйге барып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, 80-ге жуық тұрмыстық жанжал жиі болатын мекенжай анықталып, профилактикалық бақылауға алынды. Іс-шараға учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлер бірлесе қатысты.
Айта кетейік, отбасынан қорлық көріп, құзырлы органдарға мәжбүрлі жүгінгендерді арнайы орталыққа орналастырады. Аталған орында жағдай жасалған. Қелушілерге тамағы, жылы жатын орны сондай-ақ, қоғамға қосылып кетуіне және дамуына арнайы көмегін тигізеді. Психологиялық, заңгерлеік кеңестер де жиі көрсетіледі. Еңбекші ауданына қарасты орталықта өткен соңғы жиын осының дәлелі бола алады. Ол жиында жәбірленушілерге құқықтық кеңес беріліп, қорғау тетіктері түсіндірілді. Заңгер Г.К. Мырзалиева тарапынан отбасы құндылықтары, заң алдындағы жауапкершілік және психологиялық салдарлар туралы толық ақпарат ұсынылды. Қатысушыларға арнайы әлеуметтік қызмет түрлері таныстырылды.
Отбасындағы зорлық -зомбылықтың алдын алу үшін қалада көптеген шаралар қарастырылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.Шымкент қаласына қарасты барлық аудандар өз аумағы бойынша мерзімімен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, Еңбекші ауданы тұрғындарымен болған кездесуге Полиция майоры Шәріпхан Паизов жетекшілік етті. Негізгі мақсат — халықты ақпараттандыру және алдын алу шараларын күшейту. Нәтиже де жоқ емес. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Еңбекші ауданында 187 құқық бұзушылық тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға азайған.
2025 жылдың 8 айындағы Шымкент қаласы бойынша көрсеткіштер:
-538 тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген;
-310 қорғау нұсқамасы берілген;
-260 адам профилактикалық есепке алынған;
-55 отбасына әлеуметтік көмек қажет деп танылған (оның 80%-ы – әйелдер мен балалар).
Қалада мультидисциплинарлық тәсіл кеңінен қолданылуда – полиция, заңгер, психолог және әлеуметтік қызметкер бірігіп әрекет етеді.
Қылмысқа дейінгі алдын алу тиімділігі 12%-ға артқан;
Жедел желіге түскен шағымдарды қарау уақыты орта есеппен 3 сағатқа дейін қысқарған (30%-ға тиімдірек).
Қазіргі қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, отбасындағы аса ауыр және қайталанатын қылмыстар деңгейі әлі де алаңдаушылық тудырады. Сондықтан, келесі ұсыныстарды назарға алу маңызды:
-Білім беру мекемелерінде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламалар енгізу;
-Анонимді психологиялық көмек желілерін кеңейту және қолжетімді ету;
-Жәбірленушілерге арналған қауіпсіз баспаналардың санын арттыру;
-Зорлық әрекетке бейім тұлғалармен жеке реабилитациялық жұмыс жүргізу (психотерапия, әлеуметтік оңалту бағдарламалары).
“Заң мен тәртіп” және “Профилактика жылы” аясында Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижелер көрсетуде. Құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қызметтердің және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен іс-қимылы — тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуда басты фактор.
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр отбасының қауіпсіздігін сақтаудан басталады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Пікір қалдыру