
Созақ ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы Орталық алаңда өткен шараға тұрғындар мен шаруалар көптеп жиналып, жергілікті өнімдер мен жетістіктер паш етілді. Жәрмеңкеде аудан еңбеккерлері өндірген маусымдық өнімдер халыққа қолжетімді бағамен ұсынылды. Бұл – бір жағынан әлеуметтік маңызы бар шара болса, екінші жағынан, еңбек иелерінің бір жылдық жетістігін тойлайтын салтанатты мереке ретінде өтті.
Шара аясында асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Асыл тұқымды қошқардың салмағын өлшеу сәті де жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, үздік өнім алған шаруа қожалықтары, ауылдық округ әкімдіктері және сала мамандары арнайы марапаттарға ие болды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салтанатты жиында сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– «Бұл – бір жыл бойы маңдай тер төгіп, адал еңбек еткен азаматтардың мерекесі. Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың тірегі. Қиындығына қарамастан, сіздер табандылық пен қажырлы еңбек үлгісін көрсетіп келесіздер. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін», – деді аудан басшысы.
Салтанатты марапаттау сәтінде ауыл шаруашылығы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген ауылдық округтер марапатталды. Шолаққорған ауылдық округі (әкімі Жеңісәлі Төлепбергенов) І орынды, Қарақұр ауылдық округі (әкімі Ғалым Бимендиев) ІІ орынды, ал Сызған ауылдық округі (әкімі Базар Жаппарқұлов) ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов өз құттықтауын білдіріп, сала үздіктеріне марапаттар табыс етті. Кеш соңы мерекелік концертке ұласып, келген жұрт көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Биылғы жылдың ауыл шаруашылығы саласы үшін жетістіктерге толы болды. Аудан бойынша 7 371 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, көкөніс, бақша өнімдері мен картоп өсірілді. Жаңа жоңышқа алқаптары да егілді, ал 7 267 гектар жерде ескі жоңышқа қайта өңделіп жатыр.
Су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік туғызуда. Биыл 197 гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды. Бұл – су ресурстары шектеулі өңір үшін тиімді шешім.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылға жоспарланған 33 дана техниканың бүгінде 26-сы жеткізілді. Бұл шаруаларға егін егу мен жинау жұмыстарын жеңілдетіп, агротехникалық процестердің сапасын арттырып отыр.
Аудан аумағында балық шаруашылығы да даму үстінде. Қазіргі таңда 15 балық шаруашылығы жұмыс істейді. Онда сазан, форель, дөңмаңдай секілді балық түрлері өсірілуде. Бұл бағытта ауданның мүмкіндігі зор, әрі болашағы бар сала ретінде бағалануда.
Мал шаруашылығы – Созақтың негізгі бағыты. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданда 42 490 бас ірі қара, 266 329 бас қой, 27 818 бас ешкі, 36 497 бас жылқы, 16 873 бас түйе және 28 247 құс тіркелген. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Созақ ауданы – ауыл шаруашылығымен тығыз айналысатын, табиғи мүмкіндігі мол аймақ. Мұнда еңбекқор шаруалар мен мамандардың арқасында өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар – субсидия, техника жаңарту, аграрлық бағдарламаларға қолжетімділік – ауыл еңбеккерлеріне үлкен демеу болуда.
«Алтын күз – 2025» жәрмеңкесі – тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі емес, елдің ең басты байлығы – еңбек адамын құрметтейтін мереке. Осы шара арқылы ауылдың тіршілігі, шаруалардың табысы мен жетістігі көпшілікке кеңінен насихатталды. Ең бастысы – елдің ертеңі ауылда екенін көрсетіп, ауыл еңбеккерлерінің мерейін үстем еткен шара жоғары деңгейде өтті.
Пікір қалдыру