Сөзақ ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған жиын өтті. Жиын аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округтер мен кент әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, зиялы қауым мен ардагерлер қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттарға тоқталып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қабылданған маңызды бастамаларды түсіндірді. Атап айтқанда, цифрлық даму бағытының жаңа кезеңге өткені, жаңа Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің құрылуы, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында тапсырылған нақты міндеттер жайлы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, Президент ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есе арттыру қажеттігін нақты атап өтіп, бұл мақсатқа жету үшін ауыл шаруашылығын толық цифрландыру, агротехнологияларды енгізу және шаруалардың білімін арттыру қажеттігін баса айтты.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ермек Оразбеков та баяндамасында ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жүзеге асып жатқан жұмыстар мен Жолдаудан туындайтын жаңа бағыттар туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда мал шаруашылығын қолдау мен ет және сүт өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру басты назарда. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, жем-шөп қорын тұрақтандыру және ветеринария қызметін күшейту – басты міндеттердің бірі», – деп атап көрсеткен болатын. Бұл орайда аудан аумағында пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, тиімді айналымға енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, баяндамашы аграрлық саладағы тағы бір маңызды мәселе – сала мамандарының жетіспеушілігі мен ауыл жастарының бұл салаға қызығушылығының төмендігі екенін айтып өтті. Осы орайда Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрларды даярлау ісін түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартты. Бұл міндет Сөзақ ауданы үшін де өзекті. Қазіргі уақытта аграрлық бағыттағы кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, аудан шаруашылықтарына қажетті мамандарды даярлау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Жолдауда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ел дамуы үшін стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Осыған байланысты Сөзақ ауданында суармалы жерлер көлемін ұлғайту және заманауи тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша жұмыстар басталған. Сонымен қатар, биылғы егін науқанында ауа райының қолайсыздығы мен су тапшылығы егін өнімділігіне әсер еткенімен, шаруалар қолдан келгенін жасап, нәтижеге қол жеткізуге тырысып жатыр. Бұл да ауыл еңбеккерлерінің шыдамдылығы мен еңбекке деген адалдығын көрсетеді.
Жиында сөз алған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Аманов инфрақұрылымдық жобалар мен ауылдық жерлердегі инженерлік жүйелерді жаңғырту бойынша баяндама жасады. Ауыл шаруашылығын дамыту ауыл инфрақұрылымының жақсаруымен тікелей байланысты болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күшейтілетіні айтылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те өз сөзінде Президент Жолдауын толық қолдайтынын білдіріп, ауылдағы халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесіп еңбек етуге шақырды. Ол әсіресе мал шаруашылығы саласындағы түйткілдерді шешуде тәжірибелі азаматтардың, ардагер мамандардың ақыл-кеңесінің қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жастардың бұл салаға бет бұруын арттыру үшін жаңа көзқарас қажет екенін жеткізді.
Аудандық жастар ресурстық орталығының әдіскері Мұхаммедәлі Сейсенбек жастардың ауылға келіп, ауыл шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау керектігін атап өтті. Президент Жолдауында атап көрсетілген ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, бұл салада мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдіктерді тиімді пайдалану қажет екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын барлық міндеттерді бірлесе жүзеге асыру керектігін айтып, ауыл шаруашылығын дамыту – ел экономикасының берік негізі екенін атап өтті. Цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығына енгізу, заманауи агротехникалық тәсілдер мен инновациялық шешімдерді қолдану арқылы бұл салада үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті.
Сөзақ ауданы үшін ауыл шаруашылығы – тірек сала. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асырып, ауыл еңбеккерлерінің әлеуетін арттыру – алдағы кезеңдегі басты міндет болмақ.
Пікір қалдыру