ТҮРКІСТАН ӘКІМІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ДАҢҚТЫ ҰЛЫ МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ҚЫЗЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қазақ таэквондосының негізін қалаушы, түркі әлемінің біртуар перзенті Мұстафа Өзтүріктің қызы – Неслихан Өзтүрікті қабылдады. Қала әкімдігіндегі жылы жүздесу рухани байланыс пен тарихи сабақтастыққа толы мән-мағынамен өрілді.

Неслихан Өзтүрік атажұртына арнайы сапармен келіп, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті тоғысқан қасиетті өңірлерді зиярат етуде. Оның рухани сапары ұлы ойшыл, хакім Абайдың туған елі – Шығыс Қазақстаннан басталып, түркі руханиятының алтын бесігі саналатын Түркістан қаласында түйінделді.

Қала басшысы мәртебелі меймандарды жылы қарсы алып, Түркістанның тарихи келбеті мен бүгінгі даму қарқыны, жүзеге асып жатқан мәдени және инфрақұрылымдық жобалар жайында әңгімеледі. Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның бүгінде тек еліміздің емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани орталығына айналғанын атап өтті.

Әкім өз сөзінде қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған, ұлттық рух пен қайсарлықтың символына айналған Мұстафа Өзтүріктің ел жадындағы орны ерекше екенін айтты:
– Мұстафа Өзтүрік – ұлтының намысын қорғаған, қазақ руханиятына серпін берген тұлға. Ол шетелде жүріп те елін ұмытпаған, ұлттық болмысты дәріптеген азамат ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі. Біз батыр бабамыздың атын ұлықтау, оның ерлік жолын насихаттау бағытында бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Кездесу барысында Неслихан ханым Түркі халқының бауырмалдығын, Түркістан жұртының ықылас-пейілін ерекше атап өтті. Ол әкесінің аманаты мен рухани мұрасының атажұртта лайықты жалғасып жатқанына ризашылығын білдірді:
– Әкем әрдайым түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығын армандайтын. Бүгін сол бірліктің нақты көрінісін Түркістаннан көріп отырмын. Қаланың жаңарған келбеті мен адамдардың шынайы ықыласы біз үшін үлкен қуаныш, – деді Неслихан Өзтүрік.

Сапар соңында тараптар рухани және мәдени байланыстарды нығайту жөнінде пікір алмасты. Әзімбек Пазылбекұлы Неслихан ханымға естелік сыйлықтар тапсырып, Түркістанға қайта оралуға шақырды.

Мұстафа Өзтүріктің қызының Түркістанға жасаған бұл сапары – тек жеке естелік қана емес, түркі халықтарының арасындағы тарихи және мәдени сабақтастықты жаңғыртудың көрінісі болды.

Қасиетті шаһарда өткен бұл кездесу ел рухын көтеріп, бауырлас халықтардың ортақ мұратын айқындай түсті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*