ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРДЫ

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл бастама еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қаланың барлық аудандарын қамтыған сенбілікке мыңдаған тұрғындар, жастар, еріктілер, коммуналдық қызмет өкілдері және білім беру мекемелерінің оқушылары белсене қатысты.

Абай ауданындағы Қызылжар шағынауданы мен Сарыкөл көшесінде «Таза мекен» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды. Бұл аумақтарда көшелердің бойы, арықтар мен ирригациялық жүйелер күл-қоқыстан тазарды. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, қоғамдық орындар абаттандырылды. 5 жүк көлігінің көмегімен 12 тоннадан астам қалдық сыртқа шығарылды. Бұл жұмыстарға «Amanat» партиясының 50 мүшесі, 100-ден астам тұрғын және 40 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды.

Әл-Фараби ауданында орналасқан №16 шағын аудандағы №3 және №4 көп қабатты үйлердің аулаларында тазалық жұмыстары жүргізілді. Мұнда ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, қураған бұталар мен шөптер шабылды. Аула тұрғындарының белсенділігімен және арнайы техниканың көмегімен 30 тоннадай тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Еңбекші ауданындағы Қалмырзаев көшесінде жүргізілген сенбілікте жол жиегі мен тротуарлар тазартылып, асфальт жолағы арнайы техникамен жуылды. Аталған шараға 100-ге жуық адам қатысып, 2 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Төрт арнайы техника жұмылдырылып, көше толықтай ретке келтірілді.

Қаратау ауданындағы Мирас шағынауданы мен Шым Сая шатқалында да кең көлемде тазалық жұмыстары атқарылды. Ғұн елі, Кеме қалған және Алтын адам көшелері бойында қоқыстар жиналып, жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық аумақтар тазартылды. Іс-шараға мекеме қызметкерлері, тұрғындар және 12 арнайы техника қатысты.

Тұран ауданына қарасты Жаңаталап шағынауданында да санитарлық тазалау жұмыстары қызу жүргізілді. Бұл іс-шараға тұрғындар, ардагерлер және коммуналдық мекеме қызметкерлері белсене атсалысты. Көшелер мен арықтар күл-қоқыстан тазартылып, қураған ағаштар кесілді. Бір тиегіш техника, екі жүк көлігі және үш ағаш кесу құрылғысы жұмылдырылып, 100-ден астам азамат сенбілікке қатысты.

Қалалық жастар да бұл игі бастамадан қалыс қалмады. Абай саябағында өткен «Таза Шым» акциясына 50-ге жуық ерікті жас қатысып, саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтан тазартты. Нәтижесінде 112 келі қоқыс жиналды. Бұл шара жастар арасында экологиялық сана қалыптастыруға және туған қаланы сүюге тәрбиелеуге бағытталған.

Сонымен қатар, қаланың барлық білім беру мекемелерінде «Таза қала» тақырыбында экологиялық сынып сағаттары мен ашық сабақтар ұйымдастырылды. №5, №15 және №45 мектептерде өткен сабақтарда оқушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қаланы таза ұстау және қоршаған ортаны қорғау жөнінде жан-жақты мәлімет берілді.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір реттік акция емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған жерге жанашырлық танытуға бағытталған ұзақ мерзімді, жүйелі жоба. Шымкент тұрғындары бұл бастаманың маңыздылығын терең түсініп, оған үлкен жауапкершілікпен қарап отыр.

Ауқымды сенбілік қаланың тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындар арасындағы өзара сыйластық пен қоғамдық ынтымақты нығайта түсті. «Таза қала – таза қоғамның айнасы» деген қағиданы ұстанған шымкенттіктер бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*