ЕҢБЕК ПЕН ИННОВАЦИЯ ҚАТАР: СОЗАҚ ДИҚАНДАРЫ МЕН ШАРУАЛАРЫНЫҢ ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРІ

Созақ ауданы мен оның ауылдық округтерінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай серпін байқалуда. Егін және мал шаруашылығы бағыттары бойынша жаңа технологиялар енгізіліп, шаруалардың еңбек өнімділігі мен табысы артып келеді.

Мәселен, Созақ ауылдық округі бойынша қазіргі таңда 196 шаруа қожалығы, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) және 4 өндірістік кооператив (ӨК) тұрақты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 2 379 гектар егістік игеру жоспарланса, шаруалар бұл межені асыра орындап, 2 459,25 гектар жерге егін екті. Бұл – жоспардың 103 пайызға орындалғанын көрсетеді.

Округ шаруалары егіс көлемін арттырумен қатар, өнім сапасын жақсартуға да баса назар аударуда. Съәді шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару жүйесін енгізді. Алғашында 2,5 гектар алқапта сынақ ретінде қолданылған бұл әдіс тиімділігін дәлелдеп, биыл оның көлемі 5 гектарға дейін кеңейтілді. Жаңа технология суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында да оң өзгерістер бар. Мәселен, «Бибо» кооперативі мен «Жаңа Қазақ Елі» кооперативі өз қаражаты және мемлекеттік қолдау есебінен Беларус МТЗ-892-2 тракторлары, тіркемелер және тиегіш техника сатып алып, шаруашылық жұмыстарында тиімді пайдаланып отыр.

Мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім бар. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аудан аумағында 15 878 бас мүйізді ірі қара, 130 351 бас қой, 9 568 бас ешкі, 18 463 бас жылқы және 10 380 бас түйе өсірілуде. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін айғақтайды.

Аудан бойынша ірі шаруашылықтардың бірі – «Сенім» шаруа қожалығы. Мұнда 2 916 бас қой, 700 бас ірі қара, 49 бас жылқы және 332 бас түйе бағылады. Сондай-ақ, «Бірлік» шаруа қожалығы 2 481 бас қой, 75 бас жылқы және 50 бас түйе ұстап отыр. Бұл шаруашылықтар аудандағы ет пен мал өнімдерінің тұрақты жеткізушілері қатарында.

Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. «Сыбаға» және «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шаруалар асыл тұқымды бұқа мен қошқарлар сатып алып, мал сапасын жақсартып келеді.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Созақ ауылдық округінде 111 тұрғын несие алу үшін өтініш білдіріп, олардың 66-сы мақұлданып, жалпы сомасы 356,5 миллион теңге несие алған. Бұл қаражат мал және егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Аталған бағдарлама аясында құрылған «Жаңа Қазақ Елі» ауыл шаруашылығы кооперативі бүгінде ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегінің табысты үлгісіне айналып отыр.

Созақ ауданында жалпы 1 394 агроқұрылым тіркелген болса, соның жартысына жуығы – мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар. Бұл өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу, шаруаларды субсидиямен және жеңілдетілген несиемен қамту, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселелері басты назарда тұр.

«Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізі. Біз еңбекқор шаруаларды әрдайым қолдаймыз. Техниканы жаңарту, су үнемдеу технологиясын енгізу және өнім көлемін арттыру – басты басымдықтарымыздың бірі», – деді аудан басшысы.

Созақ өңірі табиғи-климаттық жағдайы күрделі аймақ болғанымен, еңбекқор шаруалардың табандылығы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында агросекторда тұрақты даму қарқыны сақталып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*