АУЫЛ АМАНАТЫ – СОЗАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУІНЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБА

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы табысты жүзеге асуда. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді жолға қою.

2024 жылы Созақ ауылдық округі бойынша 111 азамат несие алу үшін құжаттарын тапсырған, оның ішінде 91 адамнан құралған «Жаңа Қазақ Елі» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 66 қатысушы жалпы көлемі 356,5 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Нәтижесінде округте мал басы артып, бірқатар тұрғын өз кәсібін бастап кетті.

Несие алғандардың ішінде 4 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алушылар, бұл жоба арқылы олар да өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Бүгінде ауыл тұрғындары шағын мал бордақылау, сүт және ет өнімдерін өндіру, бау-бақша шаруашылығын өркендету бағытында жұмыс істеуде.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті бөлімдер мен мобильді топтар ауылдық елді мекендерді аралап, жобаның шарттарын түсіндіру, құжаттарды рәсімдеуге көмектесу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Жобаға қатысушыларға жеңілдетілген несие ғана емес, сонымен қатар бухгалтерлік есеп, маркетинг және ауыл шаруашылығы технологиялары бойынша тегін кеңестер беріледі. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің қаржыны тиімді пайдаланып, бизнесті тұрақты жүргізуіне сеп болуда.

Созақ ауданы бойынша бүгінде агроқұрылымдар саны 1394 бірлікті құрайды, оның 697-сі мал шаруашылығымен айналысады. Аталған жобаның арқасында аудандағы шаруа қожалықтардың экономикалық белсенділігі артып, ауыл халқының тұрмыс сапасы жақсаруда.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамытудағы нақты нәтиже беретін бастама.
– «Біздің мақсат – әр ауыл тұрғынының өз кәсібі болып, табысы тұрақты болуына жағдай жасау. Осы бағыттағы қолдау шаралары жалғасын табады», – деді аудан басшысы.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы көптеген созақтықтар өз ісін дөңгелетіп, аудан экономикасына үлес қосып отыр. Бұл – ауыл әлеуетін арттырудың және халықтың өмір сапасын жақсартудың нақты көрінісі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*