«КАПИТАН БАЙТАСОВ» ФИЛЬМІ – ЕРЛІК ПЕН АДАЛДЫҚТЫҢ ӨНЕГЕСІ

Шымкент қаласында полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Капитан Байтасов» атты көркем фильмнің көрсетілімі өтті. Көрсетілімді Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жеке құрамы тамашалады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – ел тыныштығы жолында жанын қиған батырдың ерлігін ұрпақ жадында сақтау және полиция қызметкерлеріне рухани серпін беру.

Фильмнің сюжеті 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған қайғылы оқиғаға негізделген. Сол күні экстремистік әрекет жасап, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірген лаңкесті тоқтату кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, көптеген адамның өмірін сақтап қалған еді. Ерлік пен батырлықтың нағыз үлгісін көрсеткен офицердің бұл қадамы ел тарихында өшпес із қалдырды. Мемлекет тарапынан оның есімі жоғары бағаланып, Ғазиз Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

«Капитан Байтасов» фильмі – тек оқиғаны баяндап қана қоймай, көрерменге терең ой салатын, рухани-тәрбиелік мәні зор туынды. Картинада батырдың өмір жолы, қызметтегі адалдығы мен адамдық болмысы шынайы суреттеледі. Көрермен фильм арқылы елге қызмет ету, антына берік болу, өз ісіне адалдық таныту сияқты асыл қасиеттердің маңызын ұғынады. Ғазиз Байтасовтың бейнесі – қазіргі және келер ұрпаққа Отан алдындағы борыш пен жауапкершіліктің символы.

Фильм көрсетілімі барысында полиция қызметкерлері мен қатысушылар ерекше әсер алғандарын жеткізді. Олар батырдың ерлігі мен рухы әрбір азаматқа үлгі екенін атап өтті. Полиция қатарында жүрген жас мамандар үшін бұл фильм кәсіби борышқа деген адалдық пен елге қызмет етудің маңызын терең сезінуге мүмкіндік берді.

Көрсетілім соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, батырдың жарқын бейнесін ұлықтаудың елдік маңызы туралы пікір алмасты. Олардың айтуынша, мұндай туындылар полиция қызметкерлерінің рухын көтеріп қана қоймай, патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігіне айналуы тиіс.

Ғазиз Байтасовтың қысқа ғұмыры – нағыз ерліктің, батылдық пен отансүйгіштіктің үлгісі. Ол өз борышына адал болып, антына соңына дейін берік қалды. «Капитан Байтасов» фильмі – батырдың есімін мәңгі есте қалдырып, өскелең ұрпаққа өнеге болар рухани мұра. Ел тыныштығы жолында жанын қиған қаһарманның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*