ПРЕЗИДЕНТ: ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА МЕН ПАРАЛИМПИАДА – ЕЛ НАМЫСЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ТАРИХИ СЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы Қазақстан үшін айрықша маңызы бар халықаралық дода деп атады. Президенттің айтуынша, бұл бәсекелер – спортшылардың ғана емес, тұтас елдің әлеуетін әлемге танытатын маңызды алаң.

Биылғы Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан шамамен 40 спортшы қатысады. Олар спорттың 10 түрі бойынша сынға түседі. Ұлттық құраманың жартысынан астамы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатыспақ. Мемлекет басшысы жаһандық деңгейдегі мұндай жарыс спортшылар үшін үлкен мүмкіндікпен қатар, зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Президенттің сөзінше, Олимпиада жолдамасын алу оңай болған жоқ. Қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, іріктеу кезеңдерінен абыроймен өтті. Осы жолда олар 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алып, өздерінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға ерекше тоқталды. Қазіргі таңда Италияда өтетін Паралимпиадаға 10 лицензия алынған, бұл көрсеткіштің әлі де артуы мүмкін.

– Паралимпиадашылардың қайсарлығы мен ерік-жігері – көпке үлгі. Біз ел намысын қорғайтын әрбір спортшымызға зор сенім артамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент төрт жылда бір өтетін басты спорт додасында нағыз мықтылар ғана бақ сынайтынын айтып, қазақстандық спортшылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Олимпиадалық құрамаға ену – спортшылардың әлеуеті мен жеңіске деген ұмтылысының айқын көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан спортшыларының Қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жетістіктерін де еске салды. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сынды саңлақтардың есімдері ел спорт тарихында алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Олардың жеңістері халықаралық ареналарда Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалуына жол ашты.

– Алдағы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында да жарқын жеңістер болады деп сенемін. Спорттағы табыстар еліміздің халықаралық беделін арттырып, ұлттық бірлікті нығайтады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, спорттағы жетістік – бұл тек медаль емес, бұл Қазақстанның қазіргі әлемдегі абыройы мен орнының айқын көрсеткіші.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*