Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй қорын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді кеңейту және қауіпсіздікті күшейту бағытында нақты нәтижелер бар.
Өткен жылы 21 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жарықтандырылып, 11 үйге мурал салынды. Бұл шешімдер ауданның сәулеттік келбетін жаңартып, түнгі уақытта қауіпсіздікті арттыруға ықпал етті.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту аясында 5 жаңа гүлзар пайдалануға берілді. Бүгінде ауданда 5 саябақ пен 23 гүлзар жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тағы екі гүлзардың құрылысы жалғасуда.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша 20 көпқабатты үй қамтылып, 13-інде жөндеу жұмыстары аяқталды. 2029 жылға дейін 28 апатты үй бұзылып, 235 меншік иесі жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі.
Қауіпсіздік бағытында 290 мекенжайға бейнебақылау камералары орнатылып, 28 нүктеге «Сергек» жүйесі енгізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 41 сенбілік ұйымдастырылып, 500 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Жалпы, жүргізілген жұмыстар ауданның сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Пікір қалдыру