ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ – ЕРЛІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ МЕЙРАМЫ

Қазақстанда жыл сайын 19 қазан күні кәсіби мереке – Құтқарушылар күні аталып өтеді. Бұл күн – өмірлерін тәуекелге тігіп, халықтың амандығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі. Биылғы мерекенің ерекшелігі – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келуі. Осы уақыт ішінде еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесі дамудың жаңа сатысына көтеріліп, халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби құрылымға айналды.

Шымкент қаласында өткен мерекелік іс-шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала қызметкерлерін, ардагерлер мен құтқару саласына үлес қосып жүрген мамандарды арнайы құттықтап, олардың батылдығы мен жанқиярлық еңбектерін ерекше атап өтті. Салтанатты жиында үздік қызметкерлерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, бірқатар мамандарға заманауи арнайы көліктердің кілттері берілді.

– Еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз – ерлік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде.

Мерекелік жиын аясында қала әкімі Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралап көрді. Бұл көрме құтқарушылардың күнделікті қызметінде қолданылатын жаңа құралдар мен техникалық мүмкіндіктер туралы тұрғындарға толық мәлімет берді.

Бүгінде Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Қаланың әр бөлігінде орналасқан 10 өрт сөндіру бекеті мен жедел-құтқару жасағы тәулік бойы кезекшілік атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Апат болған жағдайда ең бірінші көмекке келетін де – осы саланың мамандары.

Қала аумағының қарқынды дамуына байланысты қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі артып отыр. Осы орайда жаңа өрт сөндіру бекеттерін салу, жедел жәрдем мен полиция қызметін біріктіретін заманауи көпфункционалды орталықтар құру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл орталықтар төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға сеп болады.

Соңғы жылдары төтенше жағдайлар саласында материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Бұл жаңартулар қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, жұмыс сапасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, құтқарушылардың дене дайындығын күшейту мақсатында спорт алаңы мен арнайы жаттығу кешендері салынды. Мұндай нысандар құтқарушылардың физикалық шынығуын қамтамасыз етіп, күрделі жағдайда тез әрі тиімді әрекет етуге дағдыландырады.

Құтқарушылардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды жұмыс. Олар тек өрт сөндіріп, апаттан құтқарумен ғана шектелмейді, сонымен қатар алдын алу шараларымен де айналысады. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі жаттығулар мен тренингтер ұйымдастырады. Бұл – болашақта төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды іс.

Мемлекеттік қызметтің бұл түрі әрқашан батылдықты, кәсібилікті және жанқиярлықты талап етеді. Сондықтан Құтқарушылар күні – бұл тек кәсіби мереке ғана емес, қоғамның ең жауапты саласына қызмет ететін жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*