Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шаруалары 2026 жылдың алғашқы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі – ерте пісетін қырыққабатты нарыққа шығарып, экспортқа жөнелтуді бастады. Маусымның алғашқы өнімін алғашқылардың бірі болып «Қылышбек» шаруа қожалығы жинап, шетелге жолдады.
Шаруашылық басшысы Сейсенбай Мусирманкуловтың айтуынша, жалпы 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат егілген. Бұл алқапта кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпы өсіріліп, алғашқы өнім Ресей Федерациясы нарығына экспортталуда. Егіс кезінде заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнімнің сапасы мен өнімділігіне ерекше көңіл бөлінген.
Қазіргі таңда ерте піскен қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден сатылуда. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Өнімді тасымалдау Агрогруз компаниясы арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, биыл Мақтаарал ауданында көкөніс дақылдары 1 404 гектар алқапқа егіледі деп жоспарланған. Оның ішінде қырыққабат 1 016 гектар жерді қамтиды. Қазіргі таңда ерте пісетін қырыққабат 827 гектарға егіліп, алғашқы өнімдер нарыққа жол тартқан.
Аудан шаруалары «Ринда», «Пекин», «Пандион» секілді жоғары сұранысқа ие сұрыптарды таңдауда. Салмағы 1–1,5 келі болатын бұл өнімдерге әсіресе Ресей мен Еуропа елдерінде сұраныс жоғары. Сонымен қатар, жергілікті диқандар ішкі нарықты да толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Өңірдің басты артықшылықтарының бірі – жерді тиімді пайдалану мүмкіндігі. Ерте қырыққабат жиналған соң, шаруалар сол алқаптарға қауын-қарбыз, мақта, жүгері және басқа да дақылдарды егіп, бір жылда екі-үш рет өнім алуды жолға қойған.
Айта кетейік, өткен жылы Мақтаарал ауданында 520 гектар жерге қырыққабат егіліп, нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Оның басым бөлігі Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталған. Биылғы көрсеткіштер бұл бағыттағы жұмыстың одан әрі қарқын алғанын көрсетеді.
Пікір қалдыру