Қашықтықтан оқыту жүйесі Қазақстан үшін таңсық емес. Алайда мектеп оқушылары жалпы бұндай жаппай қашықтықтан оқыту жүйесін бірінші рет қолданып отыр. Сондықтан қиындық болуы заңдылық. Сала мамандарының хабарлауынша 17 мыңнан астам ұстаз тас түйін дайын отыр. Олар алдын ала әлеуметтік желілер мен мемлекеттік бағдарламаларды каникул кезінде қарады. Жаңа оқу тоқсанына қатысты жоспарларын түзіп қойған. Әр пән мұғалімі соңғы тоқсанда оқытылуы қажет сабақтардың арнайы кестесін жасаған. Бұл үйде отырған бара үшін тиімді. Өйткені уақытын босқа өткізбей сабақ оқиды.
Ата-анаға қиындық болмас үшін қалалық білім басқармасы арнайы балалардың тізімін жасап, үйінде компьютері жоқ көмекке мұқтаж балаларға мектептегі компютерлерді жеткізіп, интернет желісін жалғатып беріпті. Мұқтаж отбасыларға оның ақысын да төлеп берген. Ол қаржы мектепке тартылған интернетке кететін шығын есебінен жабылған.
— Ұстаздардың сабағын жазып үлгермеген бала телеарналар арқылы да сабақ оқуына мүмкіндігі бар. Республикалық «Хабар» және «Ел Арна» телеарналарында күнделікті сабақтар жүреді. Қазір 30 мыңнан астам дәріс әзірленген. Ол сабақтар жергілікті «Айғақ», «Оңтүстік» және «Отырар» телеарналарынан берілетін болады. Жалпы бұл жүйе орта білім мекемелерінде алғаш рет қолданылып отыр. Сондықтан ұстаздар үшін артылған жауапкершілік үлкен. Дегенмен біз бар күшімізді саламыз, — деді білім басқармасының басшысы.
Пікір қалдыру