Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су астында қалған ауылдардың халқымен кездесіп, оларға мемлекеттік комиссия шешімін жеткізді. Уақытша ашылған орталықтарда азаматтардың тұрмыстық жағдайларымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады.
Сарыағаш ауданының әкімдігіне бекітілген Игілік ауылындағы орта мектептегі эвакуациялық ошақта Жаңатұрмыс ауылының 200-ден астам тұрғыны орналасқан. Барлық эвакуациялық орталықтар азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттармен толық қамтылған. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Мұнда медицина және полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді. Ауыл тұрғындары барша қазақстандықтарға алғыстарын білдіріп, ақсақалдар ақ баталарын берді.
«Су астында қалған ауылдың әрбір тұрғыны 100 мың теңгеден көмек алады. Мырзакент елді мекенінде жаңа ықшам аудан соғылады. Ол жерге Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Жаңа қалашықта орталықтандырылған ауыз су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Жаңа мектеп, балабақша, яғни, әлеуметтік нысандар салынады. Ең бастысы ауызбіршілігіміз ажырамай, бар қиындықты ел болып еңсеруіміз қажет»,- деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев.
Пікір қалдыру