Шымкентте тамақтану орындары әлі ашылмайды

Шымкент қаласында тамақтану орындары әлі ашылмайды. Кафе, ресторан, асхана мен дәмханалар әзірге жұмысын қайта бастамайтын болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов әлеуметтік парақшасында мәлім етті. «Кейбір әлеуметтік желілерде 18 мамырдан бастап қоғамдық тамақтану орындары (асхана, кафе, ресторан, барлар) және спорт залдар ашылады деген хабарлама тарап, тіпті кейбір кәсіпкерлеріміз дайындыққа кірісіп кетіпті.

Әкімдік тарапынан әзірге ондай қаулы қабылданып, шешім шықпады.

Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы нысандарды ретімен іске қосуға тапсырма бергенімен, қалаларда ол процесс эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзеге асады.

Бәріміз карантиннің аяқталуын асыға күтіп, саябақ, базарларға шыққанымызға қуанғанымыздан, санитарлық талаптарды ескерусіз қалдырып жатырмыз.

Өкінішке орай, қаламызда алдыңғы күні 77 адам, кеше 60 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды.

Сол себепті қаладағы барлық нысандарда санитарлық талаптардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар шектеулер қойылатын болады.

Барлықтарыңыздан барынша қауіпсіздік шараларын сақтап, мүмкіндігінше үйде болуларыңызды сұраймыз,»- деп көпшіліктің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*