Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасымен әріптес ретінде біріккен қаламыздағы «Серпіліс» қоғамдық қоры мен «Жалын» қоғамдық бірлестігінің «Практик-психологтардың ерікті тобы» Мақтааралдағы су апатынан зардап шеккен тұрғындарға қасиетті Ораза айт күні психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жалғастырды.
Аталған ерікті топ осы мақсатпен Төлеби ауданында орналасқан «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды. Біліктілік дәрежелері жоғары 5 маман басты назарларын балаларға аударып, 200-ге жуық балдырғандармен жұмыс жүргізген еді. Сол себепті болар, бүлдіршіндер үрей мен мұңның сейілуіне септігін тигізген кісілерді бірден танып, қуанышпен қарсы алды. Осы жайтты ерікті топ мүшесі Бейсенкүл Нарымбетова: «Сені күтетін, есінен шығармайтын адамның болғаны қандай жақсы. Адам болғанда да баланың. Жұмыстың нəтижесін көру — өз алдына бақыт» деп суреттеді.
Айта кетейік, арнайы бұл психологтар тарапынан оқу-сауықтыру орталығында 1-4-сынып оқушыларымен арт терапия: соның ішінде тұз, ермексаз, сурет салу жəне ертегі терапия жұмыстары жүргізілді. Нәтижелі кездесу соңында мақтааралдық бүлдіршіндер мейірімді топты қимай шығарып салды.
Пікір қалдыру