Шымкент: Тойханалардың жұмыс істеуіне әзірге рұқсат етілмейді

Шымкент қаласында карантин кезеңінде тойханалардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді. Бұл туралы бүгін арнайы жиында айтылды. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаевтың қатысуымен өткен жиында тойхана, мейрамханалардың мәселесі талқыланды.

– Бүгінде қалада эпидемиологиялық жағдай күрделі. Сондықтан карантиндік режим аяқталғанша тойханалардың қызметін бастауға рұқсат берілмейді. Егер 22 маусымнан кейін санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, тойханаларды ашуға байланысты жеңілдіктерді қарастырамыз, -деді қала әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы.

Айта кету керек, Шымкентте сыйымдылығы 250 адамнан асатын 100-ге жуық тойхана бар. Төтенше жағдай енгізілгенге дейін әр тойханада айына орта есеппен 15 тойдан өткізіліп келген. Жалпы бұл салада 6 мыңнан астам адам жұмыс істесе, 500-ден астам кішігірім бизнес ұйымдары осы салада қызмет көрсетеді.

Бүгінде тойхана есебінен жан баққан азаматтардың 90 пайызы жұмыссыз қалып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*