Шымкентте математика пәні бойынша «Бастау» турнирі өтеді

Шымкент қаласында математика пәні бойынша «Бастау» турнирі өтеді. Еліміздің үшінші мегаполисінде орналасқан  Дарын орталығы ағымдағы жылдың 16-21 маусымы аралығында бастауыш сынып оқушылары арасында «Бастау» ХІІІ Республикалық математикалық турнирін онлайн режимде өткізеді.

Математикалық қабілеті айқын білінген дарынды бастауыш оқушыларын табу мен дамыту және қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізіп келеді.

«Бастау» турниріне Шымкент қаласының Дарын орталығының 2020 жылдың мамыр айында математика пәнінен 3-4 сынып оқушылары арасында өткен онлайн олимпиада жеңімпаздары қатысады. «Бастау» турнирі командалық жарыс болғандықтан қатысушыларды дайындайтын жетекшілер: Шынар Мылтықбаева, Лариса Таганашвили тағайындалды.

Бүгінгі таңда турнирдің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы топ жасақталды. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Математика пәні бойынша кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, үздіктерді анықтайтын білім бәйгесі маусым айының 21-ші жұлдызына дейін жалғасатын болады. Қатысушы білімпаз балаларға сәттілік!

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*