ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ МАРАПАТЫН АЛДЫ

«Ұстаз – ол балаға білім нәрін себетін, ақылын айтып, ілім үйрететін асыл жан. Ұстаздан аларымыз, үйренеріміз көп. Ұстаздың сөзін ұғыну – біздің міндетіміз. Абай атамыз айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздың еңбегін бағалай білуіміз қажет. Ағарту майданында еңбегі сіңген олар – өмірлік ұстаздар.
Биыл елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі нақты 5 қазан күні болып бекітілді. Осы айтулы мерекеге орай шымкенттік ұстаз Марфуға Күнтаева ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.
Марфуға Әбутәліпқызы Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Өз мамандығының білікті иесі қазақ тілі мен әдебиет пәнінен қаншама шәкіртті тәрбиелеп келеді. Оқушылары халықаралық, республикалық Олимпиадаларда талай рет жеңіс тұғырынан көрінді.
Марфуға Күнтаева — жаңаша ойлайтын, оқушыға сенімдік сыйлай алатын, түсінігі мол, білімді, нағыз өз кәсібінің майталманы. Заман талабына ілескен ұстаз үнемі білімін жетілдіріп отырады. Сабақ өту барысында инновациялық технологияларды ұтымды пайдаланып, әр баланың ой-өрісін дамытуға күш жұмсайды.
Мерекеде айтулы марапатқа ие болған мұғалім авторлық бағдарламалардың иесі атанып, республикалық байқауларда топ жарып жүр.
Марфуға Әбутәліпқызы бұған дейін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленген.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*