Теріскей өңірді тұзбен қамтамасыз етуге қауқарлы

Созақ – уран мен алтыннан бөлек тұз өндіруге де қолайлы аймақ. Мәселен, аудандағы «Бақыт таңы» тұз кені қазірде бүкіл өңірді ас тұзымен қамтамасыз етіп отыр. «Дархан-Ас» деп аталатын өндіріс кәсіпорны сағатына 5 тоннаға дейін иодталған ас тұзын өңдеуге қауқарлы. Қазір онда бас-аяғы 30 адам қызмет етуде. Дайын өнімнің аудан дүкендеріндегі 1 келі бағасы 20 теңге.

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, осы өндіріс орнын аштық. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Алдымен бізге келген тұз жуылып, кептіріледі. Сосын иодталып, қорапқа салынып, сатылымға жіберіледі, – дейді кәсіпорын басшысы Мұрат Сапаров.

Айта кетейік, елімізде былтырғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 740 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алғашқы жартыжылдықта оған 9500-ден аса адам қатысып, 15 мың жұмыс орны ашылған.

Сапар барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанның орталық кітапханасында да болдық. Шолаққорғанның Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қалалар арасында кітап қоры жағынан көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн.

– Кітапханада 385 мыңнан астам кітап бар. Олардың 8500-і сирек кездесетін құнды кітаптар. Сондай-ақ, бізде әлемдік әдебиеттің 280 томдығы және көне кітаптардан «Манас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары өте жақсы сақталған,–дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Зылиха Мыңжасарова.

Кітапханада бұдан бөлек соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» секілді газеттердің мұрағаты сақталған.

Кезінде «Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел» деп Шерхан Мұртаза айтып өткен Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құрылған индустриалды аймақтың бірі.

– Созақ ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқан. Бізде теміржол жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытып, «ҚазАтомПром» мекемелеріне қатысты өнімдер шығаруға басымдық берілген. Сосын ауылшаруашылық саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Жылына 10 млрд теңгенің өнімін өндіреді. 830-дан астам шаруа қожалық бар. Ал аудан бойынша 250 мың ұсақ мал, 9000-нан астам түйе, 25 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 11 мыңнан астам жылқы бар, – дейді аудан әкімі Мақсат Исаев.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*