ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНДА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Бүгінде еліміздің өнеркәсіп секторында жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұр, яғни қордаланған мәселесі көп сала.  Әлеуметтік маңызға ие жеңіл өнеркәсіп саласы экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндіктерінің бірі екенін атап өтті. Жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы кедергілердің бірі ретінде шикізаттың тапшылығы аталған-ды. Бұл орайда жеңіл өнеркәсіптің аса маңызды салаларының бірі – тоқыма өнеркәсібінің де ахуалы әзірге ауыз толтырып айтарлықтай болмай тұр. Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір – Түркістан. Мұнда, тіпті, Мақтаарал аталған аудан да бар. Алайда бүгінге дейін облыста тоқыма өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмаған. Салдарынан шикізаттық экономика деңгейінде қалып, ал мақта бағасы жыл өткен сайын арзандап, шаруалар еңбегінің жемісін толық көре алмай отыр. Сондықтан аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен тоқыма кластерін құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

 

Қазіргі таңда мақта өсіріп, одан бұйым шығарып, әлемге экспортын жолға қойған қытайлық компаниялармен уағдаластықтарға қол жеткізілді. Нәтижесінде облыс аумағында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасы салынбақ. «Xinjiang Lihua(Group) Co., Ltd» компаниясы аталған жобаларға жалпы 440 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ.

 

Алпауыт компагия бұған дейін Тәжікстанда мақта өңдеу зауытын салған. Өткен жылы Түркістан облысы әкімінің тікелей тапсырмасымен әкімдік өкілдері Тәжікстан мемлекетіне барып, жіп иіру және мақта өңдеу зауыттарының жұмыс барысымен танысып қайтқан болатын.  Қытайлық инвесторлар Тәжікстан елінде жалпы құны 400 млн. доллар инвестиция салған. Бүгінде 8 компания жұмысын жүргізіп, 7800 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Көрші елде мақта өңдеудің өзіндік технологиясы бар екен. Онда 15 гектар жерге мақта өсіріп, өнімін нарықа шығаруда. Жалпы 1 гектар жерден 6-8 тонна мақта алудың жаңа әдістерін қолдануда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*