БІРЛІККЕ БАСТАЙТЫН БАСТАМАЛАР

Мәңгілік ел болуды мұрат еткен егемен елімізде көптеген этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Ел тәуелсіздігінің баянды болуы – ел ішінің тыныштығы мен тұрақтылығына байланысты десек, түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүріп отырған Қазақстанда бейбітшіліктің сақталуы бейбіт өмірдің негізіне айналды деуге болады.  Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өзара татулығы, ынтымағы аса маңызды. Сонау бір жылдары тағдыр тәлкегімен жылы ұясын тастап, атамекендерінен үдере көшіп, пана іздеп келген жандарды құшақ жайып қарсы алдық, төрімізден жай ұсындық, жатсынбадық. Олардың әрқайсысын өз бауырымыздай көріп, қолымыздағы барымызбен бөлістік. Олар да   халқымыздың қонақжай көңіліне, қылаусыз пейіліне қарыздар екенін біледі.

Шымкентте қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін дәріптеуді мақсат тұтқан республикалық лекторий Аймақтық инновациялық университет базасында жалғасуда.
Лекторийде модераторлық жасаған қалалық ішкі саясат және жастар істер жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова бірлікке бастайтын байсалды бастамалар қоғамды біріктіретінін айтты. Келер жылы құрылғанына 30 жыл толатын Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық қарым-қатынастар саласында маңызды институтқа айналғанына тоқталды.
– Еліміздегі барша этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, этносаралық қарым-қатынасты нығайту және этнос жастары арасында қазақстандық патриотизмді дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді, – деді басқарма басшысы.
Университет оқытушылары мен студенттер алдында этносаясаттың басым бағыттары түсіндірілген лекторийде профессор Тілектес Мейрамов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Астана қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» төрағасы Аскер Пириев және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-дың департамент директоры, қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, Шымкент университетінің факультет деканы, география ғылымдарының кандидаты Алтынбай Сәулембаев сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке негізделген саясат аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы маңызды міндеттер туралы лекция оқыды.
Айта кетейік, 13-14 қараша күндері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Шымкент қаласының әкімдігі бірлесе ұйымдастырған лекторийге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысуда. Екі күнге жалғасқан лекторий бүгін өз мәресіне жетеді.

Бүгінде тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткіздік, баянды отыз жылымызда көптеген биіктерді бағындырып, жетістіктерге де жеттік. Ең бастысы, ата-баба аманаттаған өз иелігіміздегі қасиетті қара топырағымызды алаңсыз басып жүрміз. Көңіл сыйса, бәрі сыятынын дәлелдеп, жүз отыздан аса ұлт пен ұлысқа пана бола алдық. Бір тудың астында, бір шаңырақты бірге көтеріп, берекелі күн кешудеміз. «Не берсе де пейіліңе береді» демекші, бүгінгідей бейбітшіліктің бедері бұзылмай, бірлігіміз бен татулығымыз жарасып, тыныш заманда өмір сүруіміз қазақтың кеңпейіліне берген Тәңірдің сыйы болса керек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*