ОҚО агро саланы ғылыммен сабақтастыра отырып дамытуды көздеп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысы агро саланы ғылыммен сабақтастыра отырып дамыту ісін қолға алды.  Осы мақсатта өңірге  Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов бастаған 50-ге  жуық ғалымдар мен профессорлар  арнайы келіп, семинар кеңес өткізді.  Ондағы мақсат — отандық ғалымдардың инновациялық жобаларын ауыл шаруашылығы саласына ендіру.Жиынды жүргізіп отырған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев қонақтарға өз алғысын білдіріп, өңірдегі ауыл шаруашылығының әлеуетімен таныстырды.

«Соңғы бес жылда облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 445 млрд.теңгені құрады. Республикадағы шаққандағы үлесі 12,3 пайызға жетіп отыр. Бүгінде елімізде ауыл шаурашылығы өнімдерінің 40 пайызы шет- елдерден экспортталады. Бұл мәселені шешудің тиімді жолы — агро саланы ғылыммен сабақтастыра отырып дамыту болып отыр. Сондықтан ғалымдарымыздың оңтүстік өңіріндегі іссапарының маңызы зор», — деді Жақып Құттыбекұлы.

Өз кезегінде сөз алған Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов екі жақты ынтымақтастықта жұмыс ітеуге мұрындық болған өңір басшылығына алғысын білдіріп, ғалымдарды инновациялық жобаларды бірігіп іске асыруға шақырды. Ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнесті дамытуда ғылымның қосар үлесі мол болатынына да тоқталды.

«Елбасымыз биылғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген болатын. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Университетіміздің арасында екі жақты ынтымақтастық жөнінде мемарандумға қол қойылған болатын. Ондағы мақсат – осы өңірдің ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамытып, бірқатар салалардағы жаңашыл инновациялық идеяларды іске асыруға мүмкіндік тумақ», — деді Тілектес Есполов.

Семинар кеңесте  Оңтүстікке арнайы  келген ғалымдар мал шаруашылығы, ветеринария, бақша дақылдары, көкөніс пен жеміс-жидек, жылыжай шаруашылықтарын дамытуға арналаған инновациялық жобалармен таныстырып, олардың маңыздылығына тоқталды. Айта кетейік, Аграралық университеттен келген ғалымдар кесте бойынша әр ауданға бөлініп, түрлі тақырыптарда семинар кеңестер өткізетін болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*