
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Келес ауданы тұрғындары алдында атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, жұртшылықтың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында Алғабас ауылының тұрғыны елдімекенде тұрақты түрде малдардың ұрланып жатқанын айтып шағымданды.
«Бізде мал ұрлығы тоқтамай жатыр. Мен малы ұрланған оныншы адаммын. Осы 2025-жыл басталғалы ауылдан 3 мал ұрланды. Біз полицияға бардық. Біреуміздің ғана арызымызды тіркейді. Қалғандарына анау-мынау деп, ешқандай шара көрмейді. Қазір ауылдастар малын қорасынан шығаруға қорқып отыр. Мал әр 20 күн сайын тұрақты түрде ұрланып жатыр. Өзіңіз қатаң бақылауға алмасаңыз болмайды. Елдер жолдан ары малын өткізуге қорқып қалды. Аудандық полиция бөліміне барып, табанымды тоздырдым. Менің арызымды ғана тркеген. Қалған малынан айрылған алты адамның арызын полиция қабылдамаған»,- дейді алғабастық Мұхаммедали Жұмабеков.
Өз кезегінде өңір басшысы, сол арызы жазылып, полициямен қабылданбаған азаматтарды ертіп, жеке қабылдауына келуді сұрады.
«Аталған оқиға орын алған. Малды жайылымға жіберген. Сол жерден жоғалып отыр. Ол бойынша арыз тіркеліп, қазір іздестіру шаралары жүргізілуде. Нәтижесі болады. Ол іс бойынша күдікті адамымызда бар»,- деп сөзін қысқа қайырды аудандық полиция бөлімінің бастығы.
Пікір қалдыру