
Созақ ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды басқосу өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен бұл мазмұнды кездесу «Дәстүр мен төлтума мәдениет – ұлттың рухани коды» атты атаумен ұйымдастырылып, ел болашағы үшін маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ашып, жиынның маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл басқосудың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі исламның асыл құндылықтарын насихаттау туралы тапсырмасын негізге ала отырып, ұлттық мәдениет пен дін сабақтастығын кеңінен талқылау.
Жиынға Түркістан облысы Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Мұзапбарұлы мен Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов арнайы шақырылды. Қонақтар ұлттық руханияттың өзегі болып табылатын дін мен дәстүрдің бірлігі, олардың қоғамдағы орны мен маңызы туралы терең пайымдарын ортаға салды.
Спикерлер қазіргі таңда қоғам ішінде рухани құндылықтарға қатысты түрлі түсініктер мен жат ағымдардың белең алып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл жағдайдың алдын алудың тиімді жолдары ретінде жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық салт-дәстүрді кеңінен дәріптеу қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында дін мен дәстүрдің өзара үйлесімі, ұлттық мәдениеттің терең тамырлары, сондай-ақ қазақ қоғамының тарихи негіздері туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді. Қатысушылар арасынан сөз алған зиялы қауым өкілдері мен жастар өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы бастамалардың маңызды екенін айтып, көкейдегі сауалдарын қойды. Сауалдарға нақты әрі байыпты жауаптар беріліп, ашық пікір алмасу орын алды.
Шараға ауданның қоғамдық ұйым жетекшілері, белсенді жастар, ардагерлер мен түрлі сала мамандары қатысты. Бұл басқосу көпшілікке тек теориялық білім беріп қана қоймай, рухани тәрбие беру мен ұлттық сана қалыптастыру бағытында ой тастады.
Жиын соңында Алтын Күнтуқызы жастар тәрбиесінде дәстүр мен діннің маңызына ерекше тоқталды:
«Дін мен дәстүр – халқымыздың рухани өзегі, ұлттық тұтастығымыздың темірқазығы. Жастарымыз ата-бабамыздың қалдырған аманатына лайық болып өсуі үшін біз бар біліміміз бен тәжірибемізді ортаға салуға дайынбыз. Бұл жолда үлкендердің бағыт-бағдары, аға буынның қолдауы – өте маңызды», – деді ол.
Кездесу рухани серпіліс сыйлап, ұлттық құндылықтарды жаңаша қырынан ұғынуға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар жастар мен ересектерге өз болмысын тануға, дұрыс рухани бағыт таңдауға жол ашады. Дәстүрімізге сүйенген, дінімізді дұрыс түсінген ұрпақ – ел ертеңінің кепілі.
Пікір қалдыру