
Шардара қаласында аудан жастарына арналған маңызды іс-шара – «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясындағы ашық форматтағы семинар өткізілді. Жастардың қаржылық және құқықтық мәдениетін арттыруды көздеген бұл басқосуды «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, Шардара қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ ғимаратында өткізді.
Семинарға «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы Ролан Қонысбеков, педагог-психолог Шара Абдирахманова және ауданның белсенді жастары мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастарды қаржылық сауатқа баулу арқылы олардың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және индустриялық-инновациялық даму кезеңінде заманауи сын-қатерлерге дайын болуға үйрету.
Жандос Әзімбай өз сөзінде жастарға қаржы жүйесінің негізгі қағидаларын, несиелік жауапкершілікті, заңсыз несие рәсімдеу сынды қауіптердің алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі заманда қаржылық сауаттылық – тек өз бюджетіңді дұрыс басқару ғана емес, сонымен қатар цифрлық алаяқтықтан қорғану, құқықтық сауатты болу және жаңа экономикалық трендтерді түсіну.
– Қазір біз инновация мен индустрияға қадам басқан жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда әр азамат өзінің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, заңды білу мен құқықты қорғауды үйренуі қажет. Бұл – жеке бас амандығы мен кәсіптік табыстың негізі, – деді ол.
Семинар барысында педагог-психолог Шара Абдирахманова қаржылық тұрақсыздықтың адамның психологиялық денсаулығына кері әсерін атап өтті. Оның айтуынша, жиі қарызға батып, қаржылық қысымға түскен жастар күйзеліске, сенімсіздікке ұшырап, өмірлік мотивациясын жоғалтады. Осы себепті тек қаржыны ғана емес, эмоцияны да басқару – қазіргі заманның маңызды дағдысы.
– Қаржылық сауаттылық – бұл менталды саулықтың да кепілі. Жастар өзін-өзі басқаруға, болашаққа сеніммен қарауға дағдылануы керек. Бұл – өнімділік пен еңбек нарығында табысты болудың алғышарты, – деп бөлісті психолог.
Семинар барысында спикерлер инновациялық экономика мен цифрлық индустрияның дамуы жағдайында қаржылық сауаттылықтың жаңа қырларына тоқталды. Қазіргі таңда кәсіпкер болу немесе технологиялық стартап бастау үшін тек идея жеткіліксіз – оған сауатты қаржы моделі, инвестиция тарту, салықтық түсінік пен құқықтық база қажет.
Шара аясында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі пайдалы кеңестер алды. Несие тарихы, электрондық банкинг, онлайн қауіпсіздік, отбасы бюджетін жоспарлау сынды тақырыптар қызу талқыланды.
«Қаржылық сауаттылық – экономикалық дербестік пен индустриялық өрлеудің бастауы» деген тұжырым осы семинардың өзегіне айналды. Мұндай іс-шаралар жастарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оларды болашақ кәсіпкер, инженер, технократ ретінде дайындауға ықпал етеді. Қоғамда экономикалық белсенді, заңды білетін, қаржыны дұрыс басқаратын жаңа буын қалыптастыру – еліміздің инновациялық дамуына жол ашады.
Пікір қалдыру